Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр елдегі әлеуметтік теңсіздік, олигополия мәселесі және азаматтардың табыс деңгейіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Жиында журналистердің бірі Қазақстанда кедей азаматтардың саны азаймай отырғанын, ал Forbes тізіміндегі адамдар байыған үстіне байып жатқанын айтып, "Олигополиямен күресеміз деп едіңіздер, бірақ іс жүзінде олар байып жатыр ғой?" деп сауал қойды.
Роман Скляр бұл пікірмен келіспейтінін жеткізді:
"Біз қазір Жаңа Қазақстанда өмір сүріп жатырмыз. 2022 жылы өте күрделі сынақтардан өттік, содан бері жаңа бағытқа көштік деп жарияладық. Бүгінгі күнде Қазақстанда олигополия жоқ деп нақты айта аламын. Сіздер айтқан адамдар да, компаниялар да мемлекеттік саясатқа немесе парламент пен мемлекеттік органдардың шешімдеріне ықпал ете алмайды. Олигополиялық құрылымдар біздің елде жоқ".
Оның айтуынша, елде демонополизация бойынша үлкен жұмыстар атқарылған. Премьер-министрдің төрағалығымен арнайы комиссия құрылып, елден заңсыз шығарылған капиталды қайтару жұмыстары да жалғасып жатыр.
"Бұрыннан бизнеспен айналысып жүрген кәсіпкерлер өз қызметтерін ары қарай жалғастыруға құқылы. Олар ел экономикасына инвестиция салуға, жаңа жұмыс орындарын құруға және өз активтерін жақсартуға міндетті. Бұл – олардың тікелей міндеті. Мемлекет оларға ешқандай кедергі келтірмейді", – деді Скляр.
Сондай-ақ, ол Қазақстанда жұмыс істегісі келетін азаматтарға жағдай жасалғанын ерекше атап өтті.
"Кедейлер саны артып, байлар байып бара жатыр" деген пікірге қатысты айтарым, бізде өнеркәсіп пен қызмет көрсету саласында көптеген бос жұмыс орындары бар. Мүмкін кейбір азаматтар журналист немесе блогер болғысы келетін шығар, бірақ жастарға сұраныс жоғары. Олар басқа салаға маманданып, жаңа кәсіпті игерсе, жақсы табыс таба алады. Бұл үшін еңбектену керек", – деп толықтырды вице-премьер.
Журналист "миллионға жуық адамның кедейлік шегінде өмір сүруі әділетті ме" деп сұрағанда, Скляр былай деп жауап берді:
"Әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтар, жұмысқа қабілетсіз жандар, қиын жағдайға тап болғандар мен мүгедектігі бар азаматтарға мемлекет тиісті деңгейде көмек көрсетіп жатыр. Тағы да қайталап айтамын, әсіресе жастар үшін еңбек етіп, жақсы табыс табуға елімізде барлық жағдай жасалған. Ол үшін еңбекқорлық пен жаңа мамандық меңгеруге дайын болу қажет. Отбасын асырап, жақсы табыс табуға толық мүмкіндік бар. Оған қоса, Қазақстанда бюджеттің 50%-дан астамы әлеуметтік мақсаттарға жұмсалады. Дамыған елдердің өзінде мұндай көрсеткіш сирек кездеседі", – деп сөзін түйіндеді Роман Скляр.
Айта кетсек, 2022 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі олигополиялық құрылымдардың әлеуметтік теңсіздік пен экономикалық проблемалардың басты себебі екенін атап өткен болатын. Мемлекет басшысы сол кезде: "Байлар байыды, кедейлер одан сайын кедейленіп, мемлекетке деген сенімін жоғалтты", – деген еді.