Экономист Олжас Құдайбергенов қайын атасын соттатып жіберген

Көркем Алдабергенова 30 янв. 2026 09:14

Қоғам белсендісі, «Немолчи» қорының жетекшісі Динара Смаилова экономист Олжас Құдайбергеновтің қайын атасы 7 жылға сотталған іс бойынша мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, қарт адам жеке пайдасы үшін емес, өз немерелерінің жағдайын ойлап, күйеу баласынан балаларды асырауға қаржы талап еткені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Динара Смаилова бұл істі әлеуметтік желідегі парақшасында егжей-тегжейлі баяндап, істің әділдігіне күмән келтірді.

«Қайын ата немерелері үшін ақша сұрады»

Қор жетекшісінің жазуынша, сот қарт ер адамның әрекетін «үшінші тұлғалар үшін ақша бопсалау» деп бағалаған. Алайда бұл «үшінші тұлғалар» - заңды некеде дүниеге келген балалары мен олардың анасы болған.

«Ақша байып қалу үшін емес, туған немерелерінің күнкөрісі үшін талап етілді. Соған қарамастан, қарт адам 7 жылға бас бостандығынан айырылды», - деп жазды Смаилова.

Оқиға қалай басталды?

Белсендінің айтуынша, оқиға 2023 жылдың қарашасында қоғам назарына қайта шыққан. Сол кезеңде елде Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты іс қызу талқыланып жатқан тұста Қазақстан азаматы Мөлдір Қабылова өзінің танымал экономист Олжас Құдайбергеновпен некесі жайлы ашық мәлімдеген.

БАҚ дерегінше, Олжас Құдайбергенов әр жылдары экономист ретінде танылып, екі жыл бойы Қазақстан президентінің кеңесшісі болған. Оның есімі мемлекеттік және сараптамалық ортада жиі аталған.

Динара Смаилованың жазуынша, Мөлдір Қабылова отбасындағы жағдайды көпке дейін жария етпеген. Алайда бір күні оның жасы келген әкесі түрмеге қамалған соң, үнсіз қалу мүмкін болмай қалған.

«Ажырасу оңай болмайтынын білдім, бірақ мұншалықты деп ойламадым»

2023 жылы өткен баспасөз конференциясында Мөлдір Қабылова күйеуімен ажырасу процесінің ауыр өткенін мәлімдеген.

Оның сөзінше, 10 жылдық ресми неке мен төрт баланың болуы ер адамды қудалаудан тоқтатпаған.

«Мен ұзақ уақыт ажырасу туралы тіс жармадым, себебі оның реакциясынан қорықтым. Тек бөлек тұруды ұсындым да, балаларыммен бірге Ұлыбританияға оқуға кеттім. Ол ай сайын келіп жүрді. Ал ажырасқым келетінін айтқан соң, пәтеріме жасырын камера орнатып, техникаларыма қашықтан басқару бағдарламаларын енгізгенін білдім», - дейді Қабылова. 

Ол бұл жағдайдан кейін полицияға арыз жазып, күйеуінің пәтерге кіруіне тыйым салғанын, алайда балалармен байланысына шектеу қоймағанын айтты.

Айта кетейік, Мөлдір Қабылова «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбританияда PhD докторантурасында оқып, үздік студент атанған. Қазір ғылыми зерттеу жүргізіп жүр.

Әкені қорғау - қателік болды

Динара Смаилованың жазуынша, Мөлдір сол кезде балаларының әкесін аяп, Лондонда болған балаларды ұрлау әрекетіне қатысты істі әрі қарай ушықтырмаған. Кейін бұл шешім қате болғаны белгілі болды.

Арада уақыт өте:

  • Мөлдірдің әкесі «бопсалау» бойынша,
  • ағасы «алаяқтық» бабы бойынша айыпталған.

Нәтижесінде ағасы сотталып, бостандығы шектелсе, әкесі 7 жылға колонияға жіберілген.

«Еркіндігім үшін келісімге қол қоюға мәжбүр болдым»

Қор жетекшісінің айтуынша, 2022 жылдың тамызында Мөлдір Қабылова әкесін түрмеден босату үшін күйеуімен екі келісімшартқа қол қойған.

Онда:

  • күйеуінің рұқсатынсыз елден шығуға тыйым салынған;
  • тәулік бойы бақылау жүргізілген;
  • барлық әлеуметтік желі мен гаджет құпиясөздері берілген;
  • телефонға қашықтан басқару қосымшасы орнатылған;
  • белгілі адамдармен байланысуға тыйым салынған;
  • «Болашақ» стипендиясының қаржысын тек қажеттілікке жұмсау міндеттелген;
  • полицияға берілген арыздардың жалған екені мойындалуы тиіс болған.

«Менде басқа таңдау болған жоқ. Әкемді босату үшін қол қоюға мәжбүр болдым», - дейді Мөлдір.

Кейін бұл іс медиативтік келісім арқылы жабылғанымен, арада уақыт өтіп, қарт ер адам қайтадан қамауға алынған.

Іс қайта қозғалып, 7 жылға сотталды

2024 жылдың сәуірінде, Мөлдір Қабылованың жария мәлімдемесінен кейін алты ай өткен соң, іс қайта жанданып, оның әкесі «аса ірі көлемде бопсалау» бабы бойынша 7 жылға сотталған.

Динара Смаилова істегі бірқатар заңбұзушылықтарға назар аударды. Оның айтуынша:

  • бұрын тоқтатылған іс заңды негізсіз қайта қозғалған;
  • істі жапқан прокурор кейін өзі сол шешімді жойған;
  • іс материалдарында «жәбірленуші тараптың шағымы» жоқ;
  • бопсалау сомасы мен валютасы куәліктерде әртүрлі көрсетілген;
  • тінту заңсыз деп танылса да, оның нәтижелері дәлел ретінде пайдаланылған.

«Үшінші тұлғалар» - өз балалары

Қор жетекшісі ерекше назар аударатын жайт ретінде «үшінші тұлғалар» ұғымын атады. Оның сөзінше, тергеу мен сот қайын атаның ақшаны үшінші адамдар үшін талап еткенін көрсеткен. Ал іс жүзінде бұл - айыптаушы тараптың өз кәмелетке толмаған балалары болған.

«Ол қызын және немерелерін қорғады»

Қазір Мөлдір Қабылованың әкесі жазасын өтеп жатқанына екі жыл болған. Динара Смаилованың айтуынша, ол өз әрекетіне өкінбейді.

«Ол қызын және немерелерін қорғады. Мүмкін, ашуға берілген шығар. Бірақ дәл сол адамның кесірінен балалар дағдарыс орталығында өмір сүрді», - дейді белсенді.

Іс енді Жоғарғы сотта қаралмақ. Алайда Смаилова күштердің тең емес екенін жасырмайды. Оның айтуынша, бұл істегі жәбірленуші тарап - ел премьер-министрі Олжас Бектеновтің жақын туысы.

Соған қарамастан, «Немолчи» қоры әділ тергеу үшін күресті тоқтатпайтынын мәлімдеді.

«Жоғарғы сот бұл заңбұзушылықтарды көре ме, әлде жоқ па - белгісіз. Бірақ біз соңына дейін барамыз», - деп түйіндеді Динара Смаилова.


Рекомендовать
Последние новости
// Banner remove