Екібастұзда тойдағы тағамнан уланып, 32 адам ауруханаға түскен, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Жергілікті мейрамхананың бірінде жаппай тамақтан улану туралы ақпарат әлеуметтік желіде 15 сәуірде кешке тарады.
"13 сәуірде біз 200 адамға "қыз ұзату" тойын өткізген едік, тойда болған барлық адам тамақтан уланды. Бәрінің дене қызуы көтеріліп, қалтырап, құрысып, құсып жатыр, диарея мазалайды. Екібастұздағы жұқпалы аурулар ауруханасында 25-тен астам адам жатыр, олардың көпшілігі Қарағанды, Астана, Павлодар және Ақсудан келді. Шара қабылдануын сұраймыз", - делінген жазбада.
Жазбаның астына Ақсу мен Павлодар қалаларынан балаларымен келген бірнеше адам пікір қалдырған. Олар да тұрғылықты жері бойынша ауруханаға баруға мәжбүр болған. Павлодар облысының Денсаулық сақтау басқармасы жаппай улану дерегін растады.
"14 сәуірден бастап Екібастұз қалалық ауруханасының инфекциялық бөлімшесіне тамақтан улану және бактериялық-ішек инфекциясы белгілері бар науқастар жаппай жүгініп жатыр. Науқастарда құсу, әлсіздік, іштің ауыруы, дене қызуының жоғарылауы байқалады. Эпидемиологиялық сыртартқыны жинау кезінде олардың барлығы 13 сәуірде қаланың мейрамханасының бірінде өткен іс-шараның қонағы екені анықталды", - деп түсіндірді өңірдің денсаулық сақтау басқармасы.
Дәрігерлердің айтуынша, зардап шеккендер қабылдау бөлімшесінде қаралып, асқазанды тазалағаннан кейін инфекциялық бөлімшеге жатқызылған.
"14-15 сәуір аралығында 32 адам ауруханаға жүгінді, олардың төртеуі ауруханаға жатудан бас тартты, қалғандары қазіргі уақытта емделіп жатыр. Жағдай орташа ауырлық дәрежесі ретінде қарастырылады", - деді ведомство өкілдері.
Екібастұз қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мәліметінше, санитарлық дәрігерлер адамдар жаппай уланған мейрамхананы тексеруге кірісті.
"Тамақтан улану жағдайы бойынша басқарма Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес мейрамханаға қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізіліп жатыр", - деп хабарлады Екібастұздың санэпидбақылау басқармасындағылар.