Екі алматылық зейнеткерге үйінде есірткі зертханасын жасап, пайда табуды ұсынған

Көркем Алдабергенова 28 окт. 2024 12:39 1919

Алматы полициясы жыл басынан бері 18 есірткі зертханасын жойды, - деп хабарлайды Dalanews.kz ІІМ баспасөз қызметіне сілтеп.

Тағы біреуі зейнеткерлік жастағы азаматтың қарапайым жеке үйінде орналасқан. Арнайы іс-шараны Медеу аудандық прокуратурасының үйлестіруімен есірткі қылмысымен күресушілер, полицияның арнайы жасақтары және Н-Дейзи лақап аты бар ізкесуші итпен кинолог жүргізді.

"Екі ер адам ұсталды. Есірткі зертханасын ұйымдастыру идеясы кішісіне тиесілі екендігі белгілі болды. Ол егде жастағы танысына келіп, мол пайда табуға уәде беріп, үйінде қылмыстық кәсіп ашуды ұсынады. Үйді тінту кезінде өсімдік тектес және ұнтақ түріндегі заттар, есірткі заттарды бөлшек саудаға салуға арналған полиэтилен байламдар, қабаттары бар ыдыстар, сұйықтығы бар канистрлер, противогаздар, колбалар, тамшуырлар және басқа да зертханалық жабдықтар табылды. Айғақты заттар тәркіленді.

Сот-химиялық сараптама тағайындалып, оның қорытындысына сәйкес, ол үйде синтетикалық мефедрон есірткісі қайнатылған. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Лаборанттар қамауға алынды, – деді Алматы қалалық ПД есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы Мұрат Жұмабаев.

ҚР ҚК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етілмейді. ҚР Конституциясының 77-бабы 3-бөлімі 1-тармағы, ҚР ҚК-нің 19-бабы 1-тармағына сай кез келген азамат сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін кінәсіз деп саналады.


Рекомендовать
Последние новости