«ECOJER» конгрессінде еліміз климаттың өзгеруіне бейімделу шараларын қолға алатыны мәлім болды

Dalanews 03 июн. 2021 11:59 1010

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Тұрақты болашақ қалыптастыр» атты бірінші «ECOJER» конгрессінде еліміздің Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Қазақстанда климаттың өзгеруіне бейімделу шаралары қолға алынатынын айтты, , – деп хабарлайды Dalanews.kz.

– Халықаралық ынтымақтастықты нығайту және жағымсыз салдарды азайту үшін ұлттық заңнамаға климаттың өзгеруіне бейімделу нормалары енгізілді. Бұл жергілікті деңгейде төзімділікті арттырудың тиімді жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Іске асыру үдерісі ең осал секторларды толық бағалаудан басталады. Су, ауыл шаруашылығы, орман және азаматтық қорғау қашанда маңызды. Нәтижесінде салалық мемлекеттік бағдарламалардың аясында ұлттық және жергілікті деңгейлерде климаттық тәуекелдерді ескеру және климаттың өзгеруіне бейімделу үшін қажетті шараларды әзірлеу мүмкін болады, – деді Мағзұм Мирзағалиев.

Өз кезегінде Еуропалық Одақтың қоршаған орта, мұхит және балық шаруашылығы жөніндегі комиссары Виргиниюс Cинкявичюс Қазақстан мен ЕО климат пен экологияға қатысты ең маңызды мәселелер бойынша, сондай-ақ, жаһандық «жасыл көшуді» қамтамасыз ету жолында тұрақты ынтымақтастыққа дайын екендігін айтты.

– Климат дағдарысы, биоалуантүрлілік және ластану дағдарысы – жедел шараларды қажет ететін жаһандық мәселе. Жаһандық жасыл көшуді қамтамасыз ету үшін біз тығыз ынтымақтастықта жұмыс жасауымыз керек. Бүгінгі конференция ЕО пен Қазақстан арасындағы климат және қоршаған ортаны қорғау мәселелері бойынша ынтымақтастықты тереңдетуге септігін тигізетіндігіне сенемін, – деді Синкявичюс.

Жеті панельдік сессиядан тұрған халықаралық конгресс отырысы Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні қарсаңында Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында өткізілді. Конгресске қатысушылар Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы климаттық ынтымақтастықты, өндірісті «жасылдандырудың» болмысы мен келешегін, сондай-ақ айналмалы экономика және «ақылды қалалар» мәселелерін талқылады.

Сессияның алғашқы панелінде әйелдердің әлем экологиясындағы рөлі, репродуктивті денсаулықтары қоршаған ортаға қатысу сұрақтары көтеріліп, жаңа Экологиялық кодекс ұсынылды. «Қалдықтарды жағу және қайта өңдеу» тақырыбындағы талқылауда Экология министрлігінің өкілдері мен табиғатты қорғау белсенділері Қазақстанда қалдықтарды өртеу зауыттарын салудың оң және теріс жақтарын қарастырды.

Өз кезегінде Қазақстан Республикасы Президентінің халықаралық серіктестік өкілі Ержан Қазыхан мемлекет басшысының Конгресс қатысушыларына жолдаған үндеуін оқыды.

– Тұрақты даму тұжырымдамасы «экология-экономика-қоғам» үштігінің үйлесімді өзара әрекетін көздейді, сондықтан Қазақстан экологиялық мәселелерді шешуді кейінге қалдыра алмайды. Мен қоғам, бизнес және үкіметтің экологиялық мәселелерді шешуге және халықтың экологиялық мәдениетін көтеруге бағытталған күш-жігерін біріктіретін жаңа диалог алаңының құрылуын құптаймын. Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні қарсаңында конгресс отырыстарын өткізу жақсы дәстүрге айналады деп сенемін, – деген Қасым-Жомарт Тоқаев.

Конгресс қорытындысы бойынша Париж келісімі аясында Қазақстанның міндеттемелеріне қол жеткізуі жөніндегі ұсыныстары мен ұсынымдары көрсетілген резолюция қабылданды. ECOJER қауымдастығы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен аталған іс-шараның ұйымдастырушысы болды. Конгрестің серіктесі – еліміздегі Еуропалық Одақ Өкілдігі.

Рекомендовать
Последние новости