Дінаралық диалог өзара түсіністікті мақсат етеді

Dalanews 26 июл. 2022 10:09 895

Соңғы бір-екі ғасырда ғалам жұртшылығын алаңдатқан күрделі жағдайлар аз болмады. Ендігі жерде әлемдік көшбасшылар баршаға ортақ және аймақтық қиындықтарды еңсеруде күш біріктіру қажеттілігін түсініп отыр.

Себебі жаһандандық сын-қатерлер, геосаяси жəне геоэкономикалық мүдделер қақтығыстары мәдениеттер мен өркениеттердің арасын жалғау, дінаралық толеранттылық пен ынтымақты нығайту, діни экстремизм мен радикализмнің алдын алу мұратын айқындай түсті.

Ресми түрде Ватикан бастама көтерген дінаралық диалог жұмыстары 1970 жылдардан бері әр аймақта белгілі ұйымдар арқылы жүргізіліп келеді.

Ал Орталық Азия елдері арасынан Қазақстанның Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін шақыру туралы бастамасы 2003 жылы күрделі кезеңмен тұспа тұс келді.


Атап айтқанда, бұл уақытта АҚШ-та атышулы 11 қыркүйек оқиғасы орын алып, Ауғанстан мен Ирактағы әскери операциялардан кейін адамзаттың бейбітшілікке үміті әлсіреген шақ болатын. Бұл жағдайларға қарай отырып Самюэль Хантингтон өркениеттердің қақтығысуы мүмкін деген болжамын алға тартты.

Текетірестердің жаңа түрлерін болдырмау, қақтығыстарға жол бермеуде жаңашыл лайықты бастаманы алға тарту қажеттігі туындады. Ендігі жерде плюрализмге оң көзқарас, толеранттылық, әрқандай ерекшеліктерді сыйлау, рухани келісім тұжырымдары алға шығуы тиіс еді.

Тәуелсіздігіне көп болмаған Қазақстан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездерін өткізу, кең танылған бірегей дінаралық диалог алаңын ұйымдастыру арқылы әлемге бейбітсүйгіш, рухани келісім жолындағы ел ретінде танылды.

Себебі бүгінгі әлем үшін ең маңызды құндылық ол бейбітшілік пен тұрақтылық, өзара сыйластық пен түсіністік мәдениетін алға шығару қажеттігі туындар отыр. Осы орайда дінбасылар бір үстелдің басына жиналып, әлемдік және аймақтық проблемаларға бірге шешім іздей бастады.

Дін жалпы дін мен ғылым, пәни өмір мен ақырет әлемі, табиғат пен құдайылық кітаптар, материалдық пен руханилық, жан мен тән секілді кереғарлықтарды табыстырады және әр дін өз пайғамбары арқылы  сүйіспеншілік, өзара сыйластық, сабырлық, кешірімділік, мейірімділік, адам құқығы, бейбітшілік, бауырмашылдық және еркіндікті жақтайды.


Ендеше, ендігі әлем беталысында материализм емес, руханият және рухани құндылықтар, өзара келісім мәдениеті жоғары тұруы тиіс.

Бүгінде Қазақстан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің кезекті VII съезін өткізуге дайындық үстінде. Бұл жолы да постпандемия кезеңіндегі жағдайлар сараланып, өзекті мәселелер қарастырылатыны анық.

Қ. БАҒАШАРОВ, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Дінтану және мәдениеттану кафедрасының оқытушысы.

Рекомендовать
Последние новости