Депутат: Қазақстанда қағаз көшірмелерін талап етуді тоқтату қажет

Көркем Алдабергенова 10 сент. 2025 14:56

Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева елдегі цифрландырудың жеткіліксіз деңгейіне назар аударып, бұл мәселе бойынша премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Смышляеваның айтуынша, мемлекеттік органдар қажетті деректердің небәрі 50 пайыздан сәл астамын әртүрлі сапада цифрлап үлгерген. Анализге сүйенген депутат бұл деңгейдің өте біркелкі еместігін атап өтті: қаржы және әділет саласында цифрландыру 90 пайыздан асса, ауыл шаруашылығы, сауда, энергетика, экология және білім беру салаларында 30-40 пайыздан аспайды.

"Деректер әлі де бытыраңқы. Әр ведомство "өзінің" базасын жинап, онымен бөліспейді. Бұл "деректер феодализміне" әкеліп отыр. Кімнің, қандай тәртіппен деректерге қол жеткізуге құқығы бар екені анықталмаған. Соның салдарынан азаматтар мен бизнес бір ақпаратты он рет енгізуге мәжбүр. Ал "делдалдар" немесе "көмекшілер" ресми сервистер мен ұйымдарға қарағанда жылдамырақ қол жеткізеді", – деді депутат Мәжілістің пленарлық отырысында.

Депутат деректер базасында көп қайталанатын әрі ескірген мәліметтердің бар екенін, олардың сирек жаңартылатынын сынға алды. Мысалы, медицинада бір пациенттің бірнеше картасы болуы мүмкін, ауыл шаруашылығында әлі күнге дейін "бірнеше ауылда бірден тіркелген виртуалды сиырлар" кездеседі.

Смышляева қағаз көшірмелерге қатысты да сын айтты.

"Заңдар электронды құжатты қағаз құжатпен теңестіргеніне қарамастан, іс жүзінде мемлекеттік органдар әлі де қағаз көшірмелерін сұрайды. Оның үстіне, қағаз бен электронды нұсқалардың сәйкестігі жиі бұзылып, дауға себеп болып жүр. Бұл азаматтардың өмірін жеңілдетпей, керісінше қиындатады", – деді ол.

Осыған байланысты депутат электронды құжаттардың қағаз көшірмесін талап етуді доғаруды ұсынды.

"Әкімшілік-процестік кодекс талаптарына сәйкес, бір ақпаратты қайта-қайта сұрау және қағаз көшірмелерін талап ету тәжірибесін алып тастау қажет деп санаймыз", – деді Смышляева.

Депутат келесі бастамаларды ортаға салды:

  • азаматтың цифрлық іздері мен негізгі мәліметтерін жинақтайтын "цифрлық әмиян" енгізу;

  • ұлттық деректер биржасын құру;

  • деректерді пайдалану тиімділігін бағалау жүйесін енгізу;

  • деректерді жинау инфрақұрылымын қаржыландыруды қамтамасыз ету.


Рекомендовать
Последние новости