Депутат өзіне қоңырау шалған алаяқты қалай әшкерелегенін айтты

Кәмшат Тілеухан 04 окт. 2024 14:00 3201

Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева өзіне қоңырау шалған алаяқты соңына дейін әдейі тыңдап, оның қалай әрекет ететінін бақылағанын айтты. Сөйткен халық қалаулысы қаскөй әрекетінің бүге-шігесіне дейін баяндап, көпті аталған алақтықтың тұзағына түсіп қалмауды ескертеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Бүгін мен алаяқтықтың жаңа схемасына тап болдым, басымнан өткенімді осы парақшамда баяндап, маған жазылушыларға ескерту жасағым келеді", - деп жазады Смышляева Telegram-дағы арнасында.

Оның мәліметінше,  қазір кез келген адамға "Қазпошта", банк қызметкерлері, wildberries өкілі қоңырау шалып, сәлемдемені курьер арқылы жіберетінін,  тапсырыс жолдағандарын растау үшін және тағы басқа да себептермен телефонға түскен SMS-хабарламадағы кодты айтуды сұрайды.

Қалай кодты айтасыз, солай телефонның арғы жағындағы адам сөйлесуге онша құлық танытпай қалады. Сөйтіп әдейі Сізде күмән тудырады. Осылай күмәнданып тұрғаныңызда Сізге "банк өкілі" хабарласады. Мұның барлығы көбіне WhatsApp немесе басқа арналар арқылы жүзеге асырылады.

"Олар Сіздің шоттарыңыз бойынша күдікті операцияларды анықтағанын және "құпия кодты" бергендіктен әлдекімдер жеке деректеріңізге қол жеткізгенін айтады. Одан кейін алаяқтық туралы арыз жазуды сұрайды. Міне, осы арызда карта нөміріңіздң, тағы да несие алуға керекті мәліметтер жазу сұралады", деп жазады депутат.

Мұнымен алаяқтық әрекеті тыйылмады.

"Ойбай, ақшаңызды шешіп алғалы жатыр" деген дүрбелеңмен тез-тез өздеріне керекті құжаттарға онлайн тұрғыда өзіңізден рұқсат алып, несие рәсімдеп жібереді. Ал шынтуайтында, ешқандай деректеріңіз ұрланбаған, қандай да бір шабуыл болмаған. Барлық мәлімет, керісінше осы байланыс кезінде өзіңіз өз еркіңізбен ұсынып жатасыз! Алақтардан сақ болыңыздар", деп түйіндепті өз жазбасын депутат.


Рекомендовать
Последние новости