Премьер-министрдің орынбасары – ҚР Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Мәжілісте жыл соңында қомақты дивиденттерге кеңелетін қазақстандық банктердің акционерлеріне де салық салу туралы ұсынысқа қатысты жауап берді. Бұл мәселені Мәжіліс қабырғасында депутат Ермұрат Бапи көтерді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның айтуынша, Орталық Азиядағы ірі банктер Қазақстанда орналасқан.
"Біздің қазақстандық банктерде жинақталған соманың мөлшері 55 трлн теңгені құрайды. Бұл - Қазақстанның екі бюджеті. Тіпті, одан да асып түседі. Банктер жыл сайын акционерлеріне, қожайындарына миллиардтап дивидендтер төлейді. Ірі акционерлер, тіпті 100 млн теңгеден астам қаражат алады. Бірақ, неге екенін, олар салық төлеуден босатылған. Банктердің халық алдындағы жауапкершілігін арттыру үшін дивидендтерге салық салуды қарастыру қажет деп санаймын, өйткені бұл акционердің алып отырған таза және жеке табысы ғой", – деді депутат.
Ол 100 млн теңгеге дейін дивидент алатын акционерлерге 10%, ал миллиардтап алатындарға 15%-ға дейін салық салуды ұсынады.
"Егер мұндай ұсыныс болып жатса, онда біз өз тарапымыздан оны қолдар едік. Бірақ 100 миллионнан төмен сомаға қатысты біз бұрын олармен талқы жүргізген емеспіз, бұл үлкен сома деп санаймыз. Ендеше алдымен біз талдау жүргізейік, содан кейін 100 миллионға дейінгілерге 5%, ал егер 100 миллионнан асып жатқандар болса, онда оларға 15% салық салымын салу жайын қарастырып көрелік. Осылай келсек, біздіңше әлдеқайда дұрысырақ болады деп ойлаймыз", – деді Серік Жұманғарин.
Бұған дейін Серік Жұманғарин банк операцияларына да ҚҚС салынатынын айтқан еді.