Денис Теннің өлімі: қылмыскерлердің жазасы өзгеріссіз қалды

Қаракөз Амантай 10 окт. 2024 12:07 3409

Жоғарғы соттың судьялары белгілі мәнерлеп сырғанаушы Денис Тенді өлтірген екі сотталушының кассациялық шағымын қанағаттандырмады. Бүгін Астанада осы іс бойынша сот отырысы өтті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Отырыста Құдайбергенов пен Қиясовтың қорғаушысы Самат Сағиданов сөз сөйлеп, екеуін ақтауды сұрады. Осыдан кейін судьялар кеңесу бөлмесіне барып, шешім шығарды.

“Судьялар істі кассациялық сотқа жіберуден бас тартты”, - делінген Жоғарғы соттың баспасөз қызметі таратқан мәліметте.

Жоғарғы сот істі кассациялық сотқа жіберетіндей соттың немесе тергеудің жұмысынан қандай да бір құқық бұзушылық таба алмаған.

Еске сала кетейік, Денис Тен 2018 жылдың 19 шілдесінде Алматы қаласында қайғылы жағдайда қаза тапты. Оны көлігінің айнасын ұрламақ болған екі адам – Нұралы Қиясов пен Арман Құдайбергенов пышақтап кеткен. Жарақат салдарынан Денис Тен көп қан жоғалтып, ауруханада көз жұмды. Бұл оқиға Қазақстан қоғамын дүр сілкіндірді.

2019 жылдың басында сот үкімі шығып, Қиясов пен Құдайбергенов 18 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сол оқиғаға қатысты сот процесі әлі де қоғам назарында, бүгінгі кассациялық шағым осы үкімге байланысты жасалған болатын.


Рекомендовать
Последние новости