«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын тапсырылды

Dalanews 25 нояб. 2021 08:01 982

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев «Тәуелсіздік ұрпақтары» форумы аясында өткен «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттарын салтанатты марапаттау рәсіміне қатысты.

Шараны Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева жүргізіп отырды.

Сенат Төрағасы өз сөзінде қатысушыларды Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен және Тұңғыш Президент күнімен құттықтады. Ол сондай-ақ Қазақстанның еліміздің Тәуелсіздік алғалы қол жеткізген жетістіктерге тоқтала келіп, Қазақстанның Тұңғыш Президенті –  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жастарды қолдауға арналған бастамалары туралы жан-жақты айтып берді.

«Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап жастарымыз әлемнің ең озық жоғары оқу орындарында білім алу үшін «Болашақ» бағдарламасы іске асырылды. Бағдарлама арқылы қазақстандық жастар әлемнің ең үздік университеттерінде білім алды. Осы жылдары 1800 шамасында жаңа мектеп салынды. Ұлт денсаулығын жақсарту жолында жаңа ауруханалар мен ғылыми медицина орталықтары бой көтерді. Тәуелсіздік алғалы 1800-ден астам денсаулық сақтау нысаны салынып, пайдалануға берілді. Еліміздің, әсіресе, өңірлер мен ауыл-аймақтың инфрақұрылымын жетілдіруге бағытталған көптеген жобалар жүзеге асырылды. Мұның бәрі, ең алдымен, жастарымыздың білімді, дені сау, бәсекеге қабілетті болып қалыптасуы үшін жасалды», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат Төрағасы сонымен қатар күні кеше Nur Otan партиясы Саяси кеңесінің отырысында Елбасы «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығын жариялап, қазақстандықтардың жаңа дәуірдегі басты бағдарын айқындап бергенін айтты. Тұңғыш Президент сөзін тілге тиек еткен Мәулен Әшімбаев Тәуелсіздікті, бірлік пен келісімді, ата-бабадан мирас болған жерді, отбасылық құндылықтар мен салт-дәстүрді, ұлттық мәдениетті сақтап, білім мен еңбекке және прагматизмге басымдық беру арқылы жасампаз ұлт болып қалыптасатынымызды атап өтті.

Сенат Төрағасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен соңғы жылдары елімізде жастар саясаты аясында ауқымды жұмыс атқарылғанын да жеткізді. Олардың қатарында Волонтер жылын өткізу, Президенттік жастар кадрлық резервін құру, саяси партиялардың сайлау тізімінде әйелдер мен жастар үшін міндетті 30 пайыздық квотаны заңмен енгізу жөніндегі бастама және тағы басқалары бар.

«Президентіміздің бастамасымен жастарды қолдауға арналған жүйелі жобалар іске асырылуда. Мемлекет тарапынан жастар үшін тиімді және әділетті әлеуметтік лифт қалыптастыруға баса мән берілуде. Осының негізінде Президенттік жастар кадрлық резерві жасақталып, білікті жастар іріктелді», – деді Сенат Төрағасы.

Мәулен Әшімбаев форумға қатысушыларға әлемнің болашақ келбетін өзгертетін, адамдардың өміріне тікелей ықпал ететін пост-пандемиялық үрдістер қалыптасып келе жатқанын айтты.

Бұдан былай қоршаған ортаны қорғаудың маңызы арта беретініне назар аударған ол тұтыншылық идеологиясынан бас тарту қажеттігін жеткізді.

«Табиғатпен үнемі үйлесімде болу – біздің бабаларымыздың өмірлік философиясы. Біз осындай көзқарасты қалпына келтіруіміз керек. Жер – бүкіл адамзатқа, бізге дейін және бізден кейінгі ұрпаққа ортақ. Ал, оның мүмкіндігі шектеулі. Уақыт өткен сайын таза ауа, су, құнарлы азық-түлік өнімдердің тапшылығы айқын сезіліп келеді. Егер біз қазіргідей, есепсіз тұтыну дағдысын жалғастыра берсек, Жердің ресурстары ұзаққа жетпейді. Сондықтан қоршаған ортаны қорғау әрқайсымыздың өмірлік ұстанымымызға айналуға тиіс», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат Төрағасы жастарға денсаулыққа бас мән берген жөн екенін атап өтті. Алдағы уақытта білім мен ғылымның, технологиялардың рөлі күрт артатын болады, сонымен қатар денсаулықты сақтау, саламатты өмір салтын ұстану – адамның өз болашағына салған ең басты инвестициясы, деді Мәулен Әшімбаев.

«Пандемия жағдайы ғылымның қаншалықты маңызды екенін дәлелдеді. Бұрын-соңды болмаған жылдамдықпен вакциналар ойлап табылды. Бұл өз кезегінде індетті салыстырмалы түрде жедел еңсеруге мүмкіндік берді. Жалпы алғанда, күнделікті өмірімізде ғылымның рөлі артып келеді. Кейінгі бес жылда елімізде магистратура мен докторантурада білімін жалғастырғысы келетін жастар саны өсіп отыр. Алайда, олардың 9 пайызы ғана ғылыми қызметпен айналысады», - деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат Төрағасының пікірінше, сондай-ақ бүгінде сананың ашықтығы, әлеуметтік икемділік, эмоционалды тұрақтылық, төзімділік, ортамен тіл табысу айрықша маңызға ие.

«Технологиялар мен роботтандырудың қарқынды дамуы қоғамның қарапайым еңбекке деген сұранысын азайта береді. Сол себепті, ой еңбегін, шығармашылық көзқарасты талап ететін бағыттарға баса мән беруіміз керек. Сондықтан Президентіміз елімізде адам капиталын, креативті индустрияны дамыту қажеттігін үнемі айтып келеді», - деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат Төрағасының пікірінше, бұл жағдайда еліміздің болашағын баянды ету және Тәуелсіздігімізді нығайту маңызды шарт болып отыр, жастар осы талаптардың үдесінен шыға білуі керек. Осы орайда өздеріңіздей жас буынға үлкен сенім әрі жауапкершілік жүктеледі. Ал мемлекет өз тарапынан жастарды қолдау жұмыстарын жалғастыра береді, деді Сенат басшысы.

Шара барысында Мәулен Әшімбаев пен Аида Балаева "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттарына төсбелгілері мен дипломдарын табыс етті.

«Дарын-2021» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттары:

  1. «Ғылым» номинациясы - Есіркегенов Нұрғиса Амангелдіұлы;

  2. «Қоғамдық қызмет» номинациясы - Сансызбайұлы Балмейір, Бахретдинов Валихан Кабимуллаевич;

  3. «Журналистика» номинациясы - Кеңшілік Ғалымжан Бауыржанұлы, Тұлжан Ақбөбек Нұрбаулықыз;

  4. «Халық шығармашылығы» номинациясы - Елеусіз Ардақ Тимурұлы, Олжабай Темірлан Мақсатұлы, Наурыз Ернат Нұрбергенұлы;

  5. «Классикалық музыка» номинациясы - Әбілда Алтынбек Еркінбайұлы;

  6. «Театр және кино» номинациясы - Танабаева Ақмарал Нұрайқызы, Қанатқызы Риза;

  7. «Спорт» номинациясы - Сон Игорь Сергеевич, Сметов Елдос Бақтыбайұлы;

  8. «Эстрада» номинациясы - Байдүкенова Рухия Еділқызы, Әлмадиев Әлібек Бекболатұлы;

  9. «Әдебиет» номинациясы - Сәрсенхан Батырхан Бөріханұлы, Ахмер Біржан Ермекұлы;

  10. «Дизайн және бейнелеу өнері» номинациясы - Бекболатов Атабек Әлібекұлы.



Рекомендовать
Последние новости