Дағдарыстан кейінгі даму бағытын айқындап берді

Dalanews 03 сент. 2020 07:58 809

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ел дамуының алдағы жалпыұлттық бағдарын және оның негізгі басымдықтарын анықтап берді.

Жолдауда, ең алдымен, мемлекеттік басқару саласын реформалау мәселесіне көңіл бөлінуі тегін емес. Себебі, қолға алған жаңғыртуларды мемлекеттік аппараттағы өзгерістерсіз жүзеге асыру мүмкін емес екені белгілі. Бұл, әсіресе, пандемия кезеңінде анық байқалды. Мемлекеттік аппарат негізсіз мақсаттарды көздемей, азаматтарды алаңдатқан нақты әрі өзекті мәселелерді шешуге жұмылу керек. Өз кезегінде қазақстандықтар қабылданған шешімдердің мәні мен маңызын терең түсінуі қажет. Қазіргі таңда қоғам түсінікті және тиімді мемлекеттік бастамалар мен бағдарламаларды талап етуде. Сондықтан ұтымды ұлттық жобалар форматына көшу дер кезінде қолға алынып отыр.

Президент Жолдауында жаңа жағдайдағы экономикалық даму мәселесіне баса мән берілген. Бәсекелестіктің, шағын және орта бизнестің өркендеуі табиғи ресурстарға тәуелділікті төмендету арқылы экономиканы күшейту, азаматтардың бастамаларын дамыту, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға жағдай жасау сияқты үш бірдей маңызды міндетті орындауға мүмкіндік береді.


Мемлекет басшысы өңірлерді дамыту мәселесіне де ерекше тоқталды. Парламент депутаттарының облыстарға сапары кезінде өзекті проблемаларды шешу жолдары пысықталып, азаматтардың ұсыныстары тыңдалған болатын. Жолдаудағы өңірлерді дамытуға арналған басымдықтарды іске асыру және оларды сапалы заңдармен қамтамасыз ету біздің Палатамыздың жұмысындағы негізгі басымдықтардың бірі болып саналады. Себебі, сенаторлар өңірлердің өкілі ретінде Заң шығару органында аймақтардың мүддесін қорғайды.

Құқық қорғау және сот жүйесіндегі реформалар да одан әрі жалғасады. Президентіміздің жаңғыру бағдарында адам құқығы зор маңызға ие. Оны осы саладағы барлық олқылықтарды өзгертуге және жоюға арналған тың бастамалардан анық байқаймыз.

Мемлекет басшысының әлеуметтік бағыттағы, оның ішінде білім беру және денсаулық сақтау салаларын дамытуға арналған бастамаларын да заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету керек. Өткен айларда бұл бағыттар бойынша жұмыс тәсілін қайта жандандыру қажет екеніне кезекті рет көз жеткіздік. Бұл ретте кейбір мәселелерді білім мен медицинаның тиімділігін арттыратын ұтымды цифрландыру және мемлекеттік қызмет түрлерін алуды барынша жеңілдету арқылы шешуге болады. Сондай-ақ, Жолдауда соңғы кездері қоғамда қызу талқыланып жүрген экологиялық білім және жануарларды қорғау мәселесі де назардан тыс қалмаған.

Сонымен қатар Президентіміздің бірқатар стратегиялық мәселелерді қоғамның талқылауына шығаруы өте маңызды. Оның ішінде әкімдерді сайлау, петиция құру, жергілікті өзін-өзі басқаруды реформалау және шешім қабылдау үдерісіне азаматтардың көптеп қатысуын қамтамасыз ету мәселелері бар. Мұның бәрі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының әрі қарай жүзеге асырыла беретінін білдіреді.

Осындай нақты бастамаларды ескеріп, Президент Жолдауы жан-жақты пысықталған, Қазақстанның дағдарыстан кейінгі даму бағытын және ұлттық басымдықтарды анықтап берген құжат деп айтуға толық негіз бар. Жолдауда экономиканы қалпына келіруге және азаматтардың тұрмыс сапасын арттыруға арналған нақты шаралар қарастырылған. Алдағы уақытта Мемлекет басшысының барлық бастамасын іске асыру үшін тиісті заңдар қабылданады. Бұл жаңа сессияда депутаттар жұмысының негізгі басымдығы болып саналады.

Мәулен ӘШІМБАЕВ, Парламент Сенатының Төрағасы

Рекомендовать
Последние новости