“Чернобльдің күйін кешпейік”: АЭС-ке байланысты өнер иелері жаппай пікір білдіруде

Қаракөз Амантай 01 окт. 2024 17:15 2485

Елімізде АЭС құрылысына байланысты республикалық референдумға шақыру науқаны қызу жүріп жатыр. Бұл саяси шара өнер жұлдыздарының да назарынан тыс қалмады, деп жазады Dalanews.kz.

Олардың басым көпшілігі әлемжеліде атом электр станциясының құрылысына қатысты азаматтық ұстанымдарын білдіруде.

Мәселен, бұған дейін Қайрат Нұртас Шымкент қалалық штабында АЭС салуды қолдайтынын жеткізіп, халыққа үндеу жасаған еді. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында жарияланған жалпыхалықтық референдумды маңызды қадам ретінде қарастыратынын және 6 қазан күні өтетін референдумда белсенді түрде қатысатынын мәлімдеді.

Ал әнші Меруерт Түсіпбаева АЭС құрылысына қарсы екенін атап өтті. Оның айтуынша, АЭС тек экологиялық қауіп қана емес, болашақ ұрпақтың денсаулығына да үлкен зиян әкелуі мүмкін.

“Мен болашақ ұрпақтың, балаларының денсаулығына алаңдайтын әрбір азаматтың бұл мәселеге бей-жай қарамауы тиіс деп ойлаймын”, – деді ол.

Сонымен қатар белгілі өнер иелері Құдайберген Бекіш пен Жеңіс Ысқақова да осы мәселе төңірегінде жеке көзқарасын білдіруде тартынып қалмады.

“АЭС Қазақстанға не үшін керек? Оны салуға не үшін құмартып отыр? Мұның астарына әлі бойлап көрмедім. Сондықтан керек немесе керек емес деп кесіп-пішіп  айта алмаймын. Дегенмен, 1986 жылы Украинадағы Чернобль апаты адамзат санасынан әлі өше қоймады. Чернобыльде болған жақындарым апат салдарынан онкологиялық ауруға шалдықты.

Осы ретте бұл бір ғана биліктің емес, бүкіл халықтың талқысына сүйене отырып шешетін мәселе. Егер ақыры салуға оқталса, дамыған әрі тәжірибесі мол Жапонияның мамандарына сенім артқан жөн деп санаймын. Себебі, жапондықтар Семей полигонын өткерген бізбен тағдырлас халық болғандықтан, мұның қыр-сырын жақсы біледі деп ойлаймын”, - деп жауап берді Құдайберген Бекіш Nege.kz порталы жолдаған сауалға.

Жеңіс Ысқақова да әріптесінің сөзін қостай кетті. Оның айтуынша, АЭС құрылысынан келіп-кетер пайда жоқ.

“Бәзбіреулер АЭС басқа мемлекеттерде бір емес, екеуден бар дегенді айтып жатыр екен. Біз бұған дейін де АЭС-сіз де өмір сүріп келген елміз ғой. АЭС болмағандықтан осындай таршылықта күн кешіп жатпаған шығармыз. Екіншіден, оны салу үшін қыруар қаржы кетеді. Сол ақшаны өзге мәселелерді оңтайлы шешуге неге салмасқа?! Мәселен, жұрттың алатын айлығы инфляцияның салдарынан жұмырға жұғымсыз болып жатыр. Бұл әлбетте көптеген отбасының тұрмыстық жағдайы әлсіреп, “шықпа, жаным, шықпамен” отыруына әкелді. Білімді әрі сау ұрпақ қалыптастыру жолында ұстаздар мен дәрігерлердің жалақысын неге көтермеске?!”, - дейді өнер иесі Nege.kz порталына берген сұқбатында.

Осы тұста әнші бұл шешім халықтың көңіліне күдік ұялататынын алға тартты.

“Үшіншіден, бізде мұнай газбен қатар түрлі-түсті металдың бәрі бар. Осыларды алыс-беріске түсіре отырып, электр энергиясы тапшылығын шешудің өзге жолын қарастыруға болмай ма? Референдум өткізудің де қажеті шамалы. Себебі оны жалпы халықтың қолдайтынына күмәнім бар. Өйткені айналамдағы тума-туыс, көрші-көлем, құда-жегжат сынды қалың қазақтың бірінен қолдайтын кейіп көріп отырған жоқпын”, - деді ол.

Оның сөзінше, АЭС құрылысы өткен қателіктерді қайталауға жол ашуы мүмкін.

“Естуімше, сол АЭС-ті Балқаш жаққа салуға бел байлап отырған сыңайлы. Білікті экологтар онда Балқаштың да Аралдың күйін кешетінін айтып дабыл қағып жатыр. Атомның зардабынан әлі күнге дейін есін жия алмай отырған Семей өңірінің сиқы тағы белгілі. Біз неге қасіреттен көз ашпауға тиіспіз? Экологиялық аймаққа айналған Қызылорданың қызы ретінде туған елімді, туған жерімді тағы тәжрибеге салып, құрдымға кетіруіне қарсымын. Анау Чернобльдің күйін кешіп қалмасымызға кім кепілдік береді?! Ойланайық!”, - деді әнші.


Рекомендовать
Последние новости