"Бишімбаев ісі" елдегі сот жүйесінің қандай күйде екенін әшкерелеп берді - заңгер

Көркем Алдабергенова 02 апр. 2024 11:28 7307

Заңгер Ержан Есімханов Қуандық Бишімбаевтың сот процесіне қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Dalanews.kz

Айта кетейік, әлеуметтік желіде қазақстандықтар судья, прокурор мен адвокаттардың дөрекілігіне наразы болған. Заңгердің сөзінше,олардың өзін ұстауына таңғалудың қажеті жоқ.

«Бұл бүкіл ел онлайн көруге мүмкіндік алған ауқымды процесс, сондықтан кәсіби мамандар да, қатысы жоқ адамдар да процеске қатысты пікір білдіруге тырысып жатыр. Олардың көбі процесс қалай өрбіп жатқанына наразы. Прокурорлар селқос, айыпталушының адвокаттары дөрекі, судья процесті бақылауда ұстамай отыр дейді. Сондықтан адамдарда процесс бақылауда тұр, шешім белгілі, әділдік болмайды дегендей ой қалыптасқандай болған.

Бұл қалыпты нәрсе, әркім өз ойын айтуға құқылы. Бірақ бір нюанс бар. Мұны бұған дейін сот процестеріне қатысқан адам түсінеді. Олардың өзін бұлай ұстауы жаңалық емес, олар өзін үнемі осылай ұстайды. Үнемі. Прокурорлар селқос. Бір тұжырымды қайталай береді. Заңгерлер олар не үшін бір нәрсені қайталай беретінін түсінеді, айыптаушы тараптың белгілі бір процедуралық міндеті бар, олар сол тапсырманы орындауы керек», - дейді заңгер.  

Ержан Есімхановтың сөзінше, адвокаттардың өзін дөрекі ұстауы да қалыпты нәрсе. 

«Олардың этикаға пысқырғаны бар. Қарсы тарапқа ұялмай қысым жасап, судья байқамайды деген үмітпен деректерді бұрмалап, нәтижесінде солай да болып жатады. Судьялар да сондай. Процесті бақыламайды. Не болып жатқанын түсінбейді. Судья өзін агрессивті ұстап отырған адамға қарсыласпайды. Кейде судьялардың өзі де өзін агрессивті түрде ұстауы мүмкін. Ал сотта не болып жатқанын мүлдем түсінбеуі мүмкін», - дейді Есімханов.

Оның сөзінше, бұл процесс тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алудағы үлкен қадам. Тағы бір маңызды тұсы – қазақстандықтар осы сот процесі арқылы елдегі сот жүйесі қалай жұмыс істейтінін көруге, білуге мүмкіндік алған. ⠀

"Сондықтан таңғалып, сот процесінен қандай да бір логика іздеудің қажеті жоқ. Себебі бұл жағдайда шешімді сот шығармайды. Шешімді алқабилер шығарады. Ал сот алқабилер екі тарапты және іске қатысты деректерді дұрыс түсінуіне жағдай жасауы керек - ал сот кей жағдайда өзі де ештеңе түсінбей отырады. 

Процесс шешімі қандай болады деп болжам жасай алмаймыз. Сондықтан оған қатысты пікірді егер логикаға сыймайтын үкім шықса кейінірек айтармын. Сол кезде қандай да бір наразылық білдіру қажет. Сол жағдайда ғана бір нәрсе өзгерте аламыз", - дейді заңгер.   

Айта кетейік, 1 сәуірде өткен сот отырысында Қуандық Бишімбаев Салтанат Нүкеновамен қарым-қатынасы туралы өз нұсқасын айтқан болатын. Сонымен қатар, Бишімбаев сотта Салтанаттың жеке өміріндегі бұрынғы жайттар туралы да айтты. 

Одан бөлек, Бишімбаев іске қатысты ақпараттар бұрмаланғанын мәлімдеді.  

Ендігі сот отырысы 3 сәуірде 10.00-де болады. 

27 наурызда экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алқабилер таңдалған еді. Алқабилер алқасына 12 адам іріктелді: 10 – негізгі құрам, 2 – қосалқы. Содан кейін ашық сот отырыстары басталды.

Кейін Қуандық Бишімбаев сотта Салтанат Нүкенованы аса қатыгездікпен өлтіргенін мойындамады.

Бұл оқиға 2023 жылы 9 қарашада Астана қаласындағы BAU мейрамханасында болды.


Рекомендовать
Последние новости