БҚО-да орман шаруашылығына жергілікті бюджеттен 931 млн теңге бөлінген

Қаракөз Амантай 21 окт. 2024 10:55 6140

Батыс Қазақстан облысында орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту үшін облыстық бюджеттен биыл 931 млн теңге бөлінді, деп хабарлайды Dalanews.kz. 

БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Дархан Закариннің мәлімдеуінше, осы қаражатқа әр түрлі маркалы 33 трактор, 27 мотоцикл, "КамАЗ" базасындағы 2 өрт сөндіру және 4 патрульдік машина алу жоспарланған.

Оның сөзіне қарағанда, орман өртін ерте анықтау жүйесі өңірде проблемалық мәселелердің бірі болды.

"Орман өрттерін уақтылы анықтап, тез оқшаулау үшін Ақжайық, Бөрлі, Тайпақ, Орал, Чапаев, Январцев орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекеме аумағын қамтитын 10 бейнекамерадан тұратын орман өрттерін ерте анықтау жүйесі сатып алып, орнатылды", – деді Д.Закарин.


Жалпы, 2023 жылы
жергілікті орман шаруашылығы мекемелерінің базасын жақсарту үшін жергілікті қазынадан 1 млрд. 187 млн теңге бөлініп, оған 26 трактор, 15 патрульдік машина, 129 техникалық жабдық сатып алынды.

Сонымен қатар 2023 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен орман және табиғат қорғау мекемелерінің орман өрт сөндіру станцияларының қызметкерлеріне өрттен қорғануы үшін 45 млн. теңге қаралып, 220 өрт сөндіру жинағы сатып алынды.

Қазіргі таңда Батыс Қазақстан облысында мемлекеттік орман қоры жерінің жалпы ауданы 222 159 гектар болса, соның 88 482 гектары орманмен көмкерілген. Орманмекемелерінің қарамағында 109 адамнан тұратынорталықтандырылған 8 орман өрт станциясы бар.

Жайық өңірінің жасыл желекке бөленуіне, экологиялық тазалық мәселесіне республикалық "Таза Қазақстан" акциясы да лайықты үлесін қосуда. Жалпы, республикалық акция басталғаннан бері БҚО-да 150 мың жуық адамның қатысуымен 231 саябақ пен сквер аумақтарында тазалау жүргізілді, 60 мыңнан астам ағаш көшеттері отырғызылды, 1221 әлеуметтік, 3307 кәсіпкерлік және өнеркәсіптік нысандар, 525 тарихи-мәдени ескерткіштер жиналды. Экологиялық акция барысында 70 мың тонна қоқыс шығарылды.

"Таза Қазақстан" - экологиялық сана қалыптастырудың бір қадамы. Бізді қоршаған орта ғанаемес, біздің ойларымыз бен іс-әрекеттеріміз де таза болуыкерек. Бұл "Таза Қазақстан" акциясының терең мәні", – деп атап өтті "Жасыл ел" облыстық штабының басшысы Қ.Балмолды.


Рекомендовать
Последние новости