Biz Birgemiz Qazaqstan 2030 қайырымдылық қоры қалай пайда болған?

Көркем Алдабергенова 14 июл. 2025 11:26

Biz Birgemiz Qazaqstan 2030 қайырымдылық қоры қалай пайда болғаны белгілі болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қазақстан заңына сәйкес, қоғамдық бірлестікті кемінде үш азаматтың бастамасымен құруға болады.

2021 жылғы 14 қыркүйекте Перизат Қайрат он адамның, соның ішінде Матюшенко, Мәғзұм, Турғанбай, Аманбай, Болыспаева, Хисматуллина, Серікжанова, Сейітқамал және Хафиздің бірігіп, «Biz Birgemiz Kazakhstan» атты бірлестік құру жөнінде шешім қабылдап, Қайратты екі жыл мерзімге президент әрі басшы етіп сайлағаны туралы хаттама жасайды. Алайда кейінірек сараптама бұл хаттамадағы барлық қолдарды Перизат Қайраттың өзі қолдан жасағанын анықтады.

Осы жалған құжаттармен ол Астана қаласының Әділет департаментіне бірлестікті тіркеуге өтініш береді. Алайда ұйым атауы бұрын тіркелген атауға ұқсас болғандықтан, өтініш қабылданбайды. Бұдан кейін Қайрат құжаттарды қайта қолдан жасап, атауын «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» деп өзгертеді, өзін тағы да бірінші қол қою құқығы бар президент ретінде көрсетіп, құжаттарды қайта өткізеді. Бұл жолы бірлестік Астанадағы «LIGA» компьютерлік клубының мекенжайында тіркеуден өтеді.

2021 жылдың қазанынан 2024 жылдың сәуіріне дейін Перизат Қайрат Fortebank-тен алты, Банк ЦентрКредит-тен бір және Kaspi Bank-тен өз атына үш банк шоты ашады. Тағы бір Kaspi Bank шоты Гайни Алашбаеваның атына тіркелген.

Еске салайық, бүгін Перизат Қайрат пен анасына қатысты басты сот отырысы басталды. Алайда Перизат Қайратқа қатысты өтіп жатқан қылмыстық іс бойынша сот процесі кезінде тікелей эфирге шығуға тыйым салынды. Бұл туралы Астанадағы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соттың судьясы Сабыржан Каримов мәлімдеді. 


Рекомендовать
Последние новости