Бас прокуратура қаңтар оқиғасында қаза болғандардың аты-жөнін жариялаудан бас тартты

Dalanews 09 февр. 2022 08:22 787

Бас прокуратура қаңтар оқиғасында қаза болған азаматтардың аты-жөнін жариялауды сұраған құқық қорғаушыға тергеу құпиялылығын алға тартып, тізім жарияланбайтынын мәлімдеді.

Бас прокуратураның жауабын 8 ақпанда "Ар.Рух.Хақ" қоғамдық қорының жетекшісі Бақытжан Төреғожина Facebook парақшасында жариялады.

Бас прокуратура жауабында 15 қаңтарда Орталық коммуникация қызметінің брифингісінде қаңтар оқиғасы кезінде 225 адамның қаза болғаны (кейін екі адамның ауруханада көз жұмғаны анықталып, қаза болғандар 227 болды – ред.) хабарланғанын атап өткен.

"Қаза болғандар жайлы қалған ақпарат Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, қазіргі кезде жариялануға жатпайды" делінген жауапта.


Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина жетекшілік ететін Qantar2022 еріктілер тобы бұған дейін қаза болғандардың тізімін өз бетінше анықтап, жариялаған еді. Онда 173 адамның аты-жөні көрсетілген. Азаттық та бұған дейін қаза болғандардың аты-жөнін жариялаған.

Көптеген белсенді мен құқық қорғаушы билікті Қаңтар құрбандарының тізімін жариялауға шақырып келеді. Әзірге бұл биліктің берген "жалғыз" жауабы.

Алматы қалалық полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденов 16 қаңтар күнгі брифинг кезінде Алматыда "149 азамат опат болды, құқық қорғау органдары арасында 11 адам қаза болды" деп мәлімдеген.

Құқық қорғаушылар құрбандар бұдан да көп болуы мүмкін деп болжайды.

Ресми мәлімет бойынша, қаңтар оқиғасы кезінде 227 адам қаза болған. Құқық қорғаушылар мен белсенділердің айтуынша, оқиға кезінде өте көп бейбіт азамат оққа ұшқан.

Халықаралық және жергілікті құқық қорғаушылар Нұр-Сұлтанды қаңтар қырғынын тәуелсіз және жан-жақты зерттеуге шақырған. Әлі күнге дейін оқиғаға қатысты кейбір негізгі сұрақтарға жауап берілген жоқ.

Рекомендовать
Последние новости