Қазақстан паспорты халықаралық рейтингте 57-орынға көтерілді

Ақтоты Жапатова 15 апр. 2026 14:06

Қазақстан паспорты халықаралық Henley Passport Index 2026 рейтингінде айтарлықтай жоғарылап, әлем бойынша 57-орынға көтерілді. Енді қазақстандықтар 78 елге визасыз немесе жеңілдетілген тәртіппен бара алады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Соңғы жылдардағы көрсеткіштер елдің тұрақты өсімін айқын көрсетеді:

2023 жылы Қазақстан 70-орында болса, 2024 жылы – 66-орынға, 2025 жылы – 61-орынға, ал 2026 жылы 57-орынға дейін көтерілді. Осылайша, екі жарым жыл ішінде ел бірден 13 сатыға жоғарылаған. Бұл – өңірдегі ең қарқынды өсімдердің бірі.

Сарапшылар мұндай нәтижені Қазақстанның халықаралық байланыстарды нығайтуы және визасыз режимді кеңейту бағытындағы жүйелі жұмысының жемісі деп бағалап отыр.

Қазақстан Орталық Азия елдері арасында көш бастап тұр. Қырғызстан мен Өзбекстан 73-орынды бөлісіп, 59 елге қол жеткізсе, Тәжікстан 79-орында (53 ел), ал Түрікменстан 87-орында (45 ел) орналасқан. Осылайша, қазақстандық паспорт иелері көрші елдермен салыстырғанда әлдеқайда көп бағытқа еркін қатынай алады.

Әлемдік рейтингтің көшін Сингапур бастап тұр – оның азаматтары 192 елге визасыз бара алады. Екінші орында Жапония мен Оңтүстік Корея (188 ел), ал үшінші орында Швеция (186 ел). Төртінші орында 185 бағытқа қолжетімділігі бар бірқатар Еуропа елдері орналасқан.

Сондай-ақ Біріккен Араб Әмірліктері соңғы 20 жылда ерекше серпіліс көрсетіп, 5-орынға көтерілді. Ал АҚШ пен Ұлыбритания керісінше өз позицияларын біршама әлсіреткен.

Мамандардың айтуынша, паспорттың күшеюі тек туристік мүмкіндіктерді ғана емес, сонымен қатар бизнес, инвестиция және халықаралық әріптестік мүмкіндіктерін де кеңейтеді. Визасыз бағыттардың көбеюі кәсіпкерлерге шетелде еркін жұмыс істеуге, жаңа нарықтарға шығуға және келіссөздер жүргізуге қолайлы жағдай жасайды.

Айта кетейік, Henley Passport Index рейтингі Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (IATA) деректеріне негізделіп жасалады және әлемдегі ең беделді көрсеткіштердің бірі саналады.


Рекомендовать
Последние новости
// Banner remove