Бақытжан Байжанов Бишімбаев қысым көрсетіп жатқанын және бөлек отырғысы келетінін айтты

Көркем Алдабергенова 03 апр. 2024 16:06 5325

Бақытжан Байжанов Бишімбаевқа қатысты сот отырысында өзіне қысым жасалып жатқанын айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сот отырысында Байжанов Бишімбаевтан бөлек отырғысы келетінін мәлімдеді.

"Бишімбаевтың Байжановқа сөйлеуге мүмкіндігі болмаса екен. Байжанов өзіне қысым көрсетіліп жатыр деп санайды. Олардың арасында қақтығыс болып жатыр. Тым құрығанда ертең (бөлек отырса - еск.)", - деді Байжановтың адвокаты.

Мұны Байжановтың өзі де растады.

"Ол маған жауап беру кезінде "былай айт, былай айт" деп қысым көрсетіп жатыр", - деді Байжанов.

Еске салайық,ағасына көмектескен Бақытжан Байжановқа Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айтып тағылған: 432-бабы (аса ауыр қылмысты жасырып қалу) және 434-бабы (аса ауыр қылмысты хабарламау). 

Бұған дейін қайғылы оқиға болған мейрамханада жұмыс істеген қызметкер Бишімбаевтың інісі видеоларды қалай өшірткенін айтқан болатын.

"9 қарашада таңғы сағат 10-да жұмысқа келдім. Кабинетке келіп, ноутбукты аштым. Менің жұмысым - жалға алушылармен кездесу болатын. Әдеттегідей жұмысымды істеп жүрдім. 12.00-13.00 шамасында мейрамханаларды аралап шығамын. Сол күні 13.00-де мейрамхананы аралап шықтым, бірінші қабатта бәрі жұмыс істеп тұрды. Екінші қабаттағы BAU мейрамханасы жұмыс істемей тұрды. Әкімшіден неге ашылмағандарын сұрадым. Әкімші оларда санитарлық күн екенін айтты. Мен жақсы деп өз жұмысыммен кете бердім", - дейді куәгер. 

Сол күні 14.00 шамасында әкімші келіп, Бақытжан Байжанов (Бишімбаевпен бірге сотта күдікті ретіндегі адам) хабарласып, бейнекамерадағы видеоларды өшіруді сұраған. 

"Бүкіл гастроорталықтағы видеоны өшіруді сұрады. Артынан Бақытжан Байжанов та келіп видеоларды өшіруімді сұрады. Не үшін өшіру керегін нақтыламадым", - дейді куәгер. 

Мейрамхананың бұрынғы қызметкері шамамен 15 минуттай сервер кабинетінде болып, видеоларды өшіріп, шығып кеткен. 

"Видеоларды көрген жоқпын. Мен диспетчерлік кабинеттен шығып, кілтті әкімшіге беріп, кеттім", - дейді куәгер.  


Рекомендовать
Последние новости