Балабақшада әкелер, аналар және әжелер мектебін ұйымдастырудың маңызы

Dalanews 29 апр. 2024 10:22 15380

Таяуда Алматы қаласындағы № 4 бөбекжай-балабақшада ауқымды, мағыналы семинар болып өтті.  Семинарға аудандық білім бөлімінің басшылары, ата-аналар және әдіскерлер қатысты.

Семинарда балабақша мен ата-ананың арасындағы ынтымақтастығын нығайтып, ұлттық құндылықтарды балалардың бойына сіңіріп, патриот болуға, ұлтжанды етіп тәрбиелеу мәселесі талқыланды.

Балабақшадағы ұлттық тәрбиенің өзектілігі – тәрбиеленуші сәбилерді рухани ізгі қасиеттерге баулып, тәрбиенің көздері ана тілі мен әдебиетін, тарихы мен өнерін қастерлеуге халықтың салт-дәстүрлерін аялай білуге ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге баулудың маңызы зор.  

Сәбилердің жас ерекшелігін ескере отырып елін жерін қорғауда атадан балаға мирас болып қалған тарихын салт-дәстүрін, ана тілін қастерлеу, үлкенге – құрмет кішіге ізет көрсетуін мұра етіп, тәуелсіз еліміздің парасатты адамгершілігі биік білімді азаматтарын тәрбиелеуде адами қасиеттерді қамтып білімді ұлттық қасиетті түсінетін тұлға тәрбиелеудің маңызы зор. «Қайырымдылықты – халықтан, пайымдылықты – қариядан үйрен» деген ұлтымыздың тал бесіктен жер бесікке дейінгі екі аралықтағы өмірінің мәні боларлық адами қасиеттермен әдет ғұрыпты іс-әрекеттерінде ұйымдастыруда үйреніп, алдағы өмірлерінде арқау болатынын ұғындыру. Бүгінгі ғаламдану процесінде ұлттық құндылықтарды сақтау мен өзінің бет-бейнесін, ізгі дәстүрлерін сақтау жолындағы күрес ұлттық сананы сақтау күресі екенін түсіндіруді мақсат тұтқан.

«Тәрбие – тал бесіктен» демекші, балабақшадағы ұлттық тәрбиенің маңызы мен алатын орны ерекше. Еліміздің тұғырын мәңгі биікке желбірететін, ұлттық санасы мен сезімі қалыптасқан, ұлттық рухы биік, ұлттық құндылығын, ата дәстүрді, әдеп пен ғұрыпты, өркениетіміз бен мәдениетімізді мұра етіп жалғайтын жеке тұлғанеы тәрбиелеудің басты негізі  – балғындардың мекені балбақшадан бастау алады. Баланың тәлімі мен тәрбиесі жан-жақты қамтылған, жүйелі түрде болғанда ғана жан  - жақты дамыған, бәсекеге қабілетті тұлға қалыптасады. Демек, баланың тәрбиесінде отбасы тәрбиесінің, оның ішінде, ата-әженің, әке мен ананың тәрбиесінің маңызы зор.

Ата мен әженің тәрбиесі – қазақы тәрбиенің бастауы, ата сөзі – ақыл көзі ретінде мол асыл қазына, ата сөзінің тәлімдік мәні көне заманнан басталса, оның құдіретін сөз арқылы ұрпақтан-ұрпаққа дамытушы қарт ұстаз.

Әже – ақылдың кені, дананың көзі, әженің өнегесі, тәлімі мен тәрбиесі – өскелең ұрпақтың ұлттық құндылықты дәріптейтін, мақтан тұтатын, қадірлейтін білімді азаматттарды тәрбиелейді.

Әке – отбасының тірегі. Әке тәрбиесі – тағылым мектебі, ғасырлық азық. Оның мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы, өнері мен білімі – баланың көз алдындағы үлгі-өнеге алатын, оған қарап өсетін нысанасы. Дәстүрлі қазақ қоғамында тәрбие алған баланың әкеге деген құрметі ерекше болатын. Әкенің аялы алақаны баланың тәрбиесінде ең маңызды фактор мен құрамдас бөлігі. Ана тәрбиесі – отбасылық өмірдің, тәрбиенің негізі. «Ананың тәрбиесін мың ұстаз бере алмайды, болса – дағы білгір бір ұстаз» дегендей, баланың бойындағы ізгілік пен сыпайылылық, адами құндылықтар, ізеттілік, кішіпейілділік, биязылық сынды қасиеттердің бәрі ананың тәрбиесі мен ақ сүтімен дариды. Сондықтан да ананың тәрбиесі – ұлттық болмыстың негізгі кілті болып табылады.

Балабақшаларда «Әкелер, аналар және әжелер» мектептерін ашу мен олармен жұмыс жүргізудің маңыздылығы да осында. Балабақша мен ата-ананың, яғни отбасы тәрбиесі балабақша жұмысымен сабақтасып, ұштастып жатқанда ғана іргетасы мықты елге айналуымыз айдан анық.

Әкенің тәрбиесі мен әженің тәлімі, ананың өнегесі – сан ғасырлық тәрбиенің негізгі көзі, қайнар бұлағы. Ұлттық құндылықты, ұлттық тәрбие, ұлттық сананы қалыптастыру, оны балаларымыздың бойына сіңіру, меңгерту – еліміздің жарқын болашағының көрінісі, берекелі бүгініміздің нышаны, кемелденген келешектің болмысы.

Ендеше, ұлттық құндылығымыз бен салт – сананы бірлесе отырып бірге қалыптастырайық! Егемендігіміз бен елдігіміздің тұғырын көтеретін ұлттық рухы биік, адами қасиеттері мен парасатты білімді азаматтарды тәрбиелеуге бірге ат салысайық!


Рекомендовать
Последние новости