Бағытымыз айқын, болашағымыз жарқын

Dalanews 15 дек. 2018 04:00 833

 

Шардара ауданына қарасты Ақшеңгелді ауылдық округінде «Еліміздің еркіндігі – Тәуелсіздік!» «Тәуелсіздік – тұғырым» тақырыптарында іс-шара болып өтті.

Ауылдық Мәдениет сарайында ұйымдастырылған осынау мерекелік шараларға ауыл тұрғындары мен ақсақалдар қауымы, жастар қатысып, ауыл әкімі О. Сахов құттықтау сөз сөйледі.

– Мыңжылдықтар тоғысар тұсында тәуелсіздік таңын көру бақыты бүгін біздерге бұйырып отыр. Еліміздің ұлы тарихына, ата-баба рухына, аға ұрпақтардың қаһармандық өмір жолына құрметпен басымызды иіп, Отанымыз – Қазақстанға деген құрметтеу сезімін әкелетін бүгінгідей мереке күні, бірлігіміз бен еңбегіміз арқылы Сіздермен бірге алдағы асуларды аламыз деген сенімдемін. Халқымыз Тәуелсіздіктің мызғымас тұғырын бекітіп, Мәңгілік Ел болуға бет бұрды. Біздің бағытымыз айқын, болашағымыз жарқын. Ендеше осы жолда баршаңызға толайым табыстар тілеймін, – деді ауыл әкімі.

Жиын барысында ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Т. Қошкелдиев, «Ақ алтын» жалпы орта мектебінің директоры Ә.Момынов, ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы Р.Шапишева, Желтоқсан көтерілісіне қатысушы Е.Қожаханов сөз сөйлеп, егемендіктің қадір-қасиеті туралы әңгімелер айтылды.

Ауылдық Мәдениет сарайының өнерпаздары концерттік қойылымдар қойып, сахналанған көріністер қойды. Іс-шара соңында ауылдағы тұрмысы төмен отбасыларға қайырымдылық акциясы ұйымдастырылып, демеушілер есебінен көмектер көрсетілді.

 

Шардара аудан әкімінің баспасөз қызметі

Рекомендовать
Последние новости