Әзірбайжан-Армения қақтығысы: Қазақстанның ұстанымы қандай болуы керек?

Dalanews 15 сент. 2022 14:23 1062

Сонау 1990 жылдары басталған Армения-Әзірбайжан қақтығысының оты әлі сөнген жоқ.

Ескі жараның беті қайта ашылып, кейде уақытша жазылғандай болады. Бірақ араға уақыт салып, баяғы жер дауы қайта өршиді.

Ақпарат ретінде айта кетсек, екі елдің арасындағы соғыстың салдарынан Әзірбайжан тарапының 40 мыңдай азаматы қайтыс болып, 1 миллионнан астам адам басқа елге қоныс аударған.

Әсіресе, 2016 жылдың көктемінде болған төрт күндік қақтығысты ешкім ұмыта қойған жоқ. Сол  кезде екі жақтан 16 адам қаза тапты. Ал 2020 жылы адам шығынын әкелген қырық күндік соғыстан кейін Әзірбайжан Таулы Қарабахты толықтай өзіне қайтармаса да, екі ел атысты тоқтату жөнінде келісімге келген. Нәтижесінде армян тарапы Таулы Қарабах маңындағы Зангилан, Агдам, Кельбаджар, Лачин аймағын және Шуша қаласын қайтарылды.

13-14 қыркүйекте мойындалмаған Таулы Қарабах үшін қақтығыс тағы тіркелді. Мұнда да екі мемлекет бір-бірін «бітім шартын бұзды» деп айыптап шықты. Армения «Әзірбайжан әскерлері шекарадағы қалаларға оқ жаудырды» десе, Әзірбайжан «бізді Армения арандатып, диверсия жасады» деді.  


Атыс кезінде Армения жақтан 105-тен астам, Әзірбайжаннан 79 әскердің қаза тапқаны туралы айтылды. Бұл мәлімет әзірге нақты емес. Бұдан кейін Армения премьер-министрі Никол Пашинян БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесіне жүгініп, ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттерден әскер тарту бойынша көмек сұрады.

Әдеттегідей Пашинян Ресейге жалтақтаумен болды. Десе де, ҰҚШҰ екі екі елдің арасындағы бітпес жанжалға араласпайтынын және мәселені дипломатия жолымен ғана шешуге болатынын мәлімдеді.

Бұған дейінгі қақтығыс кезінде де Қазақстан сыртқы саясатта бітімгерлік көзқарасты ұстанатынын айтып, қақтығысты бейбіт жолмен шешудің жолын табуға барынша көмектесетінін жеткізген. Бұл жолы да осы ұстанымнан айныған жоқ. Себебі, мұндай жағдайда бейтарап болған дұрыс.



Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің айтуынша, Әзірбайжан мен Армения арасындағы шекара белгіленбегендіктен, оны бұзу туралы айту қиын. «Сондықтан алдымен әзірбайжан-армян шекарасын делимитациялау және демаркациялау жөніндегі бірлескен комиссияның жұмысын қайта бастау керек. Бұл жағынан Қазақстан өз тәжірибесімен бөлісуге дайын», – деді министр.

Министр өз пікірінде Ресейден басқа барлық елмен шекараны демаркациялау аяқталғанын және бұл процесс әлі 2-3 жылға созылатынын жеткізді.

Жер үшін соғыс қашан бітеді?

Отыз жылдан бері сағыздай созылған Таулы Қарабах мәселесі шешімін таба ма? Бұл қарулы қақтығыстың көрші мемлекеттерге әсері қандай? Қазақстан үшін бірі одақтас, енді бірі көрші жатқан елдің қайсысы жақын? Әлемдік қауымдастық қай елдің ұстанымын құптайды?

Саясаттанушы Дос Көшімнің пікірінше, егер Қазақстан Ереванның ұсынысын қолдап, әскерін жіберсе, кешірілмейтін қателік болады. «Себебі, Әзірбайжан бар болғаны сонау 1992 жылы айрылып қалған заңды жерін қайтарып алмақшы. Ал Әзірбайжан Арменияның шекарасына басып-жаншып кірсе, Пашинян сол кезде ғана бізден әскер сұрауына болады. Осы тұрғыдан алғанда Әзірбайжанды біз ғана емес, кеше де, бүгін де бүкіл әлемдік қауымдастық қолдады, қолдай береді. Бірақ Қазақстан қай елдің әрекеті дұрыс не бұрыс екенін ашық айтуы керек» дегенді қаперге салыпты.

Шын мәнінде, Армения Таулы Қарабақ қақтығысы бойынша әскер сұрай алмайды. Себебін жоғарыда айттық. Енді тек екі ел басшысына бір үстелдің басында отырып, өзара келісімге келу ғана қалды.

«Қазір Қазақстанға қай мемлекет жақын?» деген сауалды қоятын уақыт емес. Біз екі мемлекетпен де бейтарап болуымыз керек. Сондықтан Қазақстан екі елдің басшысына келісім алаңын ұсынуды қарастырғаны жөн», – дейді саясаттанушы Әділ Кәукенов.

Қазақстанның Қоғамдық даму институтының сарапшысы Бауыржан Серікбаевтың айтуынша, бұл мәселені тек келіссөз арқылы шешу керек.

 

Бауыржан Серікбаев, Қазақстанның Қоғамдық даму институтының (КеАҚ) сарапшысы:

– Армения ҰҚШҰ аясында көмек сұрады. Қазақстан тарапы бұл мәселе дөңгелек үстел басындағы бейбіт келіссөз барысында шешілуі керек деп өз ұстанымын білдірді.

Яғни, Қазақстан осы қақтығыс басталғалы бері БҰҰ заңдары мен нормалары шеңберінде шешілуі қажет деген көзқараста.


Біздің Армениямен де қарым-қатынасымыз жақсы. Әзірбайжанмен де бұрыннан экономикалық, сауда-саттық байланысымыз бар. Сондықтан Қазақстан үшін екі мемлекеттің бейбіт мақсатта, келіссөз деңгейінде шешкені тиімді.

Әлемде қандай кикілжің болмасын, геосаяси алмағайып заманда мәселе БҰҰ жиынының жарлығымен бекітілген өзара келісім аясында шешімін табуы қажет.

Рекомендовать
Последние новости