Ауылға газ тартуда Түркістан облысы көш бастады

Dalanews 24 янв. 2024 04:27 1522

Түркістан облысында былтыр 111 мыңнан астам халық газбен қамтылды. Бұл еліміздегі ең үлкен көрсеткіш. Яғни, газбен қамтылған әрбір 3-ші ауыл Түркістан өңірінде орналасқан, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Соңғы 10 жыл аралығында құрылысы жүргізіліп, іске қосылмаған нысандарды қосу бойынша жұмыстар қарқын алды. Халық санымен есептегенде, 1 млн 650 мыңға жуық халық не облыс тұрғындарының 77,8 пайызы табиғи газбен қамтылған.

Өңір тұрғындарын табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп келеді. Бір жылда 62 газбен қамту нысанының құрылысы аяқталып, газбен қамтылған елді мекендер саны 513-ке жетті. Облыстың стратегиялық даму жоспарына сәйкес және газ ресурсының мүмкіндігін ескере отырып, 2030 жылға дейін облыстың елді мекендерін 100 пайыз газбен қамтамасыз ету күтілуде.

Тұрғындарды газбен қамту жұмыстарының барысы облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен жиында қаралды. Өңір басшысы бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды. салаға жауапты басшыларға ауылдарға жеткізілген газды әр үйге қосуды қолға алуды қатаң ескертті.

– Газсыз отырған ауылдарға табиғи газ жеткізілді. Халықтың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау мақсатында табиғи газбен қамту бағытындағы жұмыстар өз нәтижесін беруде. Енді ауылға келіп тұрған газдың игілігін халық көру керек. Аудан, қала әкімдіктерімен бірлесіп жұмыс істеңіздер, – деген облыс әкімі аудан, қала әкімдеріне газ барған ауылдардың үйлерін газға қосуды тапсырды.


Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбековтің айтуынша, өткен жылы облыстық бюджеттен 7 млрд теңге қаржы бөлінген. Жалпы 17,5 млрд теңге бөлінген. 2023 жылы 27 жоба іске асырылып, 27 елді мекен газбен қамтылған. 47 нысан құрылысы 2024 жылға өтпелі.

Биыл газдандыру жұмыстарына 10,1 млрд теңге қаржы бөлінген. 71 нысан құрылысы жүргізіледі. Жыл соңына дейін 38-і пайдалануға берілсе, 33 нысан 2025 жылға өтпелі. Құрылысы аяқталғанымен, газға қосылмаған нысандар да бар.

Жиын барысында жобалардың мезгілінде және сапалы іске асырылуына жауапкершілікті күшейту, жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу деңгейін жылдамдату, құрылыс монтаж жұмыстарының сапасына бақылауды күшейту және жұмыстарды жоспарлы түрде жалғастыру жайы да талқыланды.

Рекомендовать
Последние новости