Ауған торғай ақиқаты

Dalanews 10 апр. 2017 10:22 914

Құрметті оқырман, бүгін біз мейлінше қызық тақырыпта әңгіме қозғап көрсек дейміз. Сізге қызық па, жоқ әлде «мұндай қызығыңа болайын» дейсіз бе, оны әңгіме соңында айтарсыз. Ал қазір уақытыңызды алмай әңгімеге көшсек…

Кітаптан басталған «жорық»

Талантты жазушы (біз бұл жерде «классик» деп атауымыз керек еді, жалпы оқырманмен санассақ осы бағадан аса қоймаймыз) Тынымбай Нұрмағамбетовпен құстар туралы әңгімелесіп көргіңіз келе ме?! Әрине, талантты жазушының бұған дейін еш жерге сұхбат бермегенін ескерсек, әгәрәкім онымен әңгімелесу «бақытына» ие болсаңыз, әдебиет туралы пікіріне қанбай тұрып,  айдаладағы құстарда шаруаңыз болмауы мүмкін. Әдебиет туралы пікірі бізге беймағлұм, бірақ талантты жазушы құстар туралы былай деген болар еді:

«Осы жұрт: «Біз отырған мекенде қандай құстар өмір сүреді?» – деп бір сәтке ойлана ма екен өзі? Әй, ойланбайды-ау? Әй, өңшең ойсыздар-ау, өңшең тұла бойын ұйқы басқан жайбасарлар-ау, сендер неге құстар туралы ойламайсыңдар? Немене, құстар мақұлық емес пе? Олар да тірі хайуан-ау, күндердің күні болғанда, мінәйі себеппен олар да алақанымыздағы дәнімізді шашып, нанның қиқымы үшін алақанымызды, әлде сүттің қаймағы мен айранның жұғыны жағылып қалған бетімізді шұқып кетер-ау деп ойламайсыңдар ма? Тұла бойын ұйқы басқан, әй, өңшең мәңбастар-ау, бір сәт көздеріңді уқалап, ұйқыларыңды ашып, жан-жақтарыңа қарасаңдаршы бір. Пырылдап, шиқылдап, шырылдап ұшып жүрген қандай құстар екен деп…»

Көкеміз осылай деді. Әрине, кездескеміз жоқ. Кітабында осылай депті. Сонан соң «ұйқы басқан тұла бойымызды» далаға сүйреп шықтық. Айтты-айтпады, жазушының көптен көп шығармалары юморлық («әжуалық» дейміз бе) жанрдан тұрса да, құстар туралы біз шынымен ойлай бастадық. Әлгі далаға сүйретіліп шыққанымыз да содан. Кітаптың аты – «Ауғандық құстар». Аттас шығарманы оқып шыққанда мұның ойдан шығарылған Құстар емес екенін түйсіндік. Қызықтық. Ізденгіміз келді. Неге ауғандық құстар?! Шығармада неге олар байдың баласының бетін тырнап кетті? Неге олар байдың ұзатылып бара жатқан қызының үстіне саңғып кетті? Неге олар балконда ақша санап отырған бай ерлі-зайыптының 200 еуросын қағып әкетті? Ақыр аяғы, олардың байларда ғана не жұмысы бар?  Көркем шығармадан туған көпірткі сұрақтар емес екенін бағамдап алғандаймыз…



Сонан соң «апама да барып қайтайын, тайымды да үйретіп қайтайын» дегендей, әуелі Ұлттық кітапханаға тарттық. Қолымызға түскені – журналист Қайнар Олжайдың «Жер мен аспан, арасындағы дастан» кітабы. Оның ішінен тапқанымыз – «Сұр торғай, неткен сұм торғай» мақаласы. Қайнар ағам да бұл құс туралы біз секілді кітаптан оқыпты. Нақтырақ, газеттен. 2011 жылдың 16 тамызы күні «Егемен Қазақстанға» шыққан жазушы Мархабат Байғұттың «Күлесің, кейде күрсінесің» деген мақалалар топтамасынан білген екен. Оның ішінде «Алақанат. Алаяқ. Алапат» деген бөлімі. Рас, «Ауғандық құстар» кітабында «алақанат» сөзін жиі қайталайды. «Өздері қонып отырған кезде қоңырқайлау көрінеді екен де, ұшып, қанаттары жайылған сәтте алақанаттанып кетеді екен», – дейді шығармада. Қайнар Олжайдың мақаласында бұл алақанат алаяқ құстың өз үйінің маңында көптігі, бау-бақшасын түк қоймай қырып-жойғаны, одан құтылар амал-айласының неше атасын жасағаны жайлы күйіне жазады. Ал Мархабат Байғұттың кішкене ғана мақаласынан іліп алғанымыз мынау:

«Мінекиіңіз, шілденің соңында құс ба­зары қызып жататұғын Құлбайшо­қы­ның бау­райын аралап жүрміз. Киелі саналар көкқұс, құрқылтай, қарлығаш, нәурі­зек, кептер атау­лыдан түк те жоқ. Бәрінің ұя­ларын да, үй­лерін де, қуыстарын да ала­қанат, қоңыр­қош­қыл құс жайлап алған. Алақанат, алаяқ, аяр құс. Алапат құбылыс. Бұрын бұл өңірде, қала берді қазақ жерінде жоқ еді. Алпысыншы жылдардың ая­ғын­да пайда болды. Қырық шақты жыл­дың ішінде қыр­ғын көбейіп кетті. Қала­лар­да да, ауылдарда да, бауларыңыз бен тауларыңызда да тек сол құс сайран са­лады. Қараторғайды, қарлы­ғаш­ты, кө­гер­шінді, нәу­різекті түп-тұқияны­мен құртып бітірді. Қайда қарасаңыз да сол алақанат. Сол алаяқ. Қо­ңырқошқыл, қас­кү­нем құс, бетпақ бәлекет.

Тоқсаныншы жылдардың соңына таман Тынымбай Нұрмағамбетұлы мен Жүсіпбек Қорғасбек сынды суреткерлеріміз осы қас­көй құс туралы керемет әрі қорқы­ныш­ты көркем әңгімелер жазған­-тұ­ғын. Ғалым­дар мен мамандар арнайы зерт­теп-зерделеп жүр ме, жоқ па, бізге белгісіз. Бірақ, бар дүниені жымысқы, жыртқыш жаратылыс басып ба­рады. Жан-жақты, жоғарылы-төмен­ді жай­лап алған. Жүсіпбек пен Тыным­бай жазға­лы бергі кезеңде бұрынғыдан да бетер жетіліп, өңдене, өзгере түскен…»

Ауғандық құстар ма, ауып жүрген құстар ма?

Бұл екі мақаланы оқып бітсек де ізденісіміз мұнымен бітпеді. Қайнар Олжайдың мақаласынан «Майнаның Үндістаннан ауа райы сәл де болса салқын Оңтүстік Қазақстанға дейін жетуі Жер бетінің жылыну үдерісімен байланыста болуы мүмкін…»

«Бұрын аңшылар майнаны атпайтын, өйткені, өлексе жеп, қоқыстан тамақ таба­тындықтан, еті адал құс емес. Енді жағдай өзгерді. Майнаны қыру үшін Өзбекстан үкіметі Ресейден жарты миллион патрон сатып алды…»

«Афганка» ырғын қырғынға ұшырады. Бірер жылдан кейін өзбектің шие, жүзімі қайта жайқалды. Жоқ жерден пәлеге ұшыраған сұрторғайдың тұқымы болса, енді Өзбекстаннан өтіп, Қырғызстан мен Қазақстанды жайлауға көшті…» деген мәліметтері ары қарайғы «жорығымызға» шырақ болды.

Сонан соң Энциклопедия бөлімін ақтардық. Ол жақтан тапқан дерегіміз мынау:

«Сарыжағал қараторғай – қараторғайлар тұқымдасына жататын басқа туыс өкілі. Бұл туыстың латынша аты Acridotheres, яғни «шегіртке жегіш» деп аталғанмен, ол басқа жағынан атағы шығып отыр – дауыс пен ән үніне барып тұрған еліктегіш және кенеттен қоныс аударғыш түрдің нақтылы мысалы. Осыдан 100 жыл бұрын ол «ауған қараторғайы» деп аталған. Бұрын бұл құс Орта Азияда кездеспейтін, алғаш рет оны Термез қаласынан кездестірді. Келесі 50 жылда ол бүкіл Өзбекстанды қоныстанды. Қазақстанның оңтүстік шекарасында 1959 жылы пайда болды, сөйтіп соңғы 40 жылда Тянь-Шань тау бөктері мен шөлді аймақ – Жезқазғаннан Аягөз, Алакөлге дейінгі жерлерді қоныстанды. Бұл құстың пайда болуы және санының тез өсуінен, кей жерлерде кәдімгі қараторғай жоғалып кетті. Ол тіршілікке бейімді, әрі ірі бұл құспен бәсекені көтере алмады. Бұл құстың дыбысқа еліктегіштік дарыны бары бұрыннан мәлім. Өзбекстанда оларды шайханаларда келушілердің санын көбейту үшін ұстаған. Құстар тез 1-2 сөйлемді жаттап алып, адамдарды шақыратын болған. Бізде тіршілік ететін сарыжағал қараторғай оңай музыкалық шығармаларды, көбіне әйгілі әндердің әуенін керемет дәлдікпен орындайды».



Тынымбай Нұрмағамбетовтың шығармасында бұл құстардан хабары бар кейіпкер (ұшқыш – А.Т) былай деген еді: «Әуелде бір журналистің Ауғанстаннан темір торға салып әкелген он төрт құсы көбейе-көбейе қала аспанындағы шөже-торғайларды, бозторғайларды түгел қырып жепті. Көгершін мен қарлығаш атаулыға жаудай тиіп, бездіріпті. Құстарды айтасың, ауғандық торғайлар далада құрттап қалған қой-ешкі, өлу халінде жатқан жылқы, сиырларыңызға да ірілік көрсетіп, талап жеп кететін секілді».

Әрине, көркем шығарма болса да бұл құстардың мінезін әбден танып алғандайсыз. Сосын «бұл шынымен әлгі журналистің әкелген он төрт құсы (жетеуі еркек, жетеуі ұрғашы) болды ма екен? Рас болса, оларды не мақсатпен әкелді» деген сауал тағы бар. Бір кездері әлгіндей құрметке ие болған, шәйханалардың қызметшісі боп, келушілердің назарын аударған бұл құстардың басына не күн туды? Үндістаннан келді ме, Ауғанстаннан келді ме өздері? Жүсіпбек Қорғасбектің де осы туралы «Өлмейтін құс» әңгімесін адақтап шыққанбыз. Жазушы бұл құстарды «үндіс құсы» дейді. Шығарманың көркемдік астары бөлек әңгіме, бізге құс туралы мәлімет керек: «Сарала құстар содан қайтып келген жоқ. Үрмет шалдың айтқан әңгімесіне де ешкім сенген жоқ. Сардар да атасының сөзін расқа шығаратындай ештеңе айтқан жоқ. Тек ауылда бұрын көрмеген қызыл қанат үнді құстарының қаптап кеткені рас болатын. Не кезіксе соны талғамай жайпап жұта беретін бұл үнді құстарын отырса да, тұрса да жұрт көп әңгімелеп жүрді…»

Өзбекстан бұл құстармен мемлекет боп күресіпті. Қазақстанда Қайнар Олжайда ғана емес, жарты сотық жері бар ағайынның да үйінің алдында бақшасы бар. Оларға да шаппай қоймайтын құстармен біздің ел «соғысып» көрді ме екен?

«Түйенің танығаны жапырақ» дегендей, әу баста құстар туралы ойланғанда Есенғали көкеміздің (Раушанов) «Құстар – біздің досымыз» кітабы еске түскен. Бірақ ой мен қырды бірдей шарлап жүрген бұл алақанаттар көкеміздің кітабының ішінде жоқ боп шықты. О жаққа аумапты. Сірә, көкемнің мінезі ол алақанаттарды жуықтата қоймаған. «Бір білсе Аманхан біледі» деп көкемнің өзі айтқандай, бұл сұрақтардың жауабын бір білсе орнитологтардың (құс маманы) өзі біледі енді. Сөйтіп Алматыдағы Зоология институтымен байланысқа шықтық.

 Қатігез құстар ма, қадірлі құстар ма?

Барлық мән-жайға осы жақтан қанармыз деген үмітіміз алдамады. ҚР БжҒМ жанындағы «Зоология институтының» орнитология және герпетология бөліміне қарасты кіші ғылыми қызметкер Зарипова Сырымгүл Хайруллақызы мен аға ғылыми қызметкер Гаврилов Андрей Эдуардұлы біздің сұрақтарымызға екі күн ізденіп барып жауап қатты.

Ауған торғайы жайында толық ақпарат берсеңіздер. Көбіне бұлар қай жақта таралған?

– Қарапайым торғайдың түрі қараторғай тұқымдасына жатады. Бұл торғай Шығыс Азия мемлекеттері, оның ішінде Үндістан, Бирма, Пәкістан, Ауғанстан мемлекеттерінде кеңінен таралған. ХХ ғасырдың басында Ауғанстан арқылы Әмудария бойымен Мургаб, одан бөлек Зеравшан, Сырдария су қоймаларына жеткен. Бұл қараторғайдың таралуы әлі де тоқтаған жоқ. Қазіргі кезде олар Самарқандта, Ташкентте және Қазақстанның кей елді мекендерінде өмір сүреді. Кәдімгі қараторғай отырықшы құс, негізінде мәдени ландшафтарда өмір сүреді. Олар иесіз үйлерде, малды аумақтарда және сазды жарларда, жықпылды құздарда жұмыртқалайды. Шағын елді мекендердің шет жағынан және мал жайылымдарынан, өзен-көлдерден азығын жинайды. Тіпті олар жайылып жүрген малдардың ортасында да жүреді. Үй жануарларының жемдерін жейді, кейде жүзім және шие бақтарына қонақтайтыны да бар. Негізінде олар көбіне жазық мекендерде және таулардың етегінде өмір сүреді, сонда тұрақтайды. Кей кезде тауға да шығып кетеді. Олар 3300 метр биіктікке дейін шыға алады. Іле Алатауының маңындағы тауларда кездеседі.

Ауғандық торғайлар жұптары бөлектеніп жұмыртқалайды, бірақ бір-бірінен алысқа кетпейді екен. Олар өз ұясын қаңыраған үйлерде, сазды жартастардың тесігіне, ағаштардың қуысына және таулардың жартастарында салады. 3-4 күннің ішінде ата-анасы құрғақ шөп пен жапырақтардан ұя салады, үстіне өздерінің қауырсындарын, болмаса шаштарын жаяды. Олар мамыр айының ортасынан маусым айының басына дейін 3-6 жұмыртқа салады. 14-15 күн бойы әкесі де, шешесі де сол жұмыртқаны басады. Одан соң екеуі де балапандарын тамақтандырады. Балапандары маусым айының ортасынан шілде айының соңына дейін қауырсындары шығып, қанаттанып үлгереді. Ең ұзағы қыркүйектің ортасына дейін қанаттанады. Олар бір жазда бір рет балапан басады. Өзінің төлін жоғалтып алған сәтте ғана қайта балапан басады.



Бұл құстардың тұқымы Қазақстанда қашан және қай өңірде таралған?

– Бұл құстар Ташкентке жақын жерлерде кеңінен таралған. Алғаш бұл торғайды біздің елде 1959 жылы байқаған. Одан кейін 10 жыл ішінде табиғи жолмен Оңтүстік Қазақстанның біраз бөлігін мекендеп алды. Олардың таралуы Ташкент арқылы Батыс Тянь-Шанның бойымен солтүстік-шығысқа және Сырдария бойымен солтүстік-батысқа жетті. Олардың біздің елде тұрақтаған екінші мекені – Алматы қаласы және оның аумағы. Бұл жерде оларды ешқандай анық мақсатсыз «ҚазССР аңшылық шаруашылығы және Қорықтар Бас басқармасының» қалауымен жерсіндірген. 1962 жылы зоорталық 200-ге тарта қараторғайды қабылдаған. Сол жылдың 24 наурызында оларды зообақ аумағында таратқан. Алғашқы жылдары қараторғайлар қаланың ішінде жұмыртқаламаған. Тек жаздың соңы, күздің басында зообақтың ішінде кішкентай балапандар күн өткен сайын көп пайда бола бастаған. Тіпті олар қаланың шетіне таралып кеткен. Айта кетерлігі, зообақтан қала шетіне қараторғайлар табиғи түрде жеткен. Одан шығысқа қарай жүріп, Тянь-Шань тауларының солтүстік бөлігіне дейін жеткен. Дәл қазір қараторғай Оңтүстік Қазақстан аймағында, Сырдария етегінде, Бетпақдала аумағында, Жезқазғанда, Ақадыр станциясында және Балқаш көлінің солтүстігінде, сонымен қатар Аягөзде мекендейді.

Олар табиғатқа қаншалықты дәрежеде және қалай залалын тигізеді? Немесе біз білмейтін қандай пайдасы бар?

– Жалпы табиғатта «пайдалы» және «залалды» жануарлар, құстар, жәндіктер болмайды. Өйткені, экожүйе деген бар. Ол дегеніміз – өте күрделі және соншалық үйлесімді механизм. Бұл жерде олардың әрбіреуі өзінің табиғи орнын алады және әрбірінің жеке атқаратын қызметі бар. Табиғаттың өзінде жануарлардың (құстар, жәндіктер) таралымын реттеп отыратын тәртібі, жүйесі бар. Сондықтан қараторғайдың табиғатқа тигізер залалы туралы тон пішіп айтуға болмайды. Қараторғайлар жайылымдар мен шабындықтарды обыр шегірткелер (саранча) мен өзге де зиянкес жәндіктерден қорғайды. Одан бөлек бұлар малдың (төрт түліктің қай-қайсының да) үстіне отырып, солардың үстіндегі кенелерді тазартады. Әрине, олар да кішкене зиянын тигізеді. Мысалы олар жазда да, күзде де жүзім алқаптарын, шие бақтарын жейді, құртады. Бірақ та Қазақстандағы қараторғайлардың санының аздығынан айтарлықтай залал тигізе қоймайды. Бақша өнімдерін бұл құстардан «бақша қарақшылары» арқылы үркітіп қорғауға болады.

2013 жылы өзбек БАҚ-ы ел үкіметінің ауған торғайларына қарсы соғысы табыссыз болды деп мәлімдеді. Сол елдің ауыл шаруашылық министрлігі жүргізілген шаралардың пайдасыздығынан қараторғайларды атуды тоқтатты. Біздің елде олармен күрес жүріп жатыр ма? Жалпы бұларға қатысты проблема бар ма?

– Дәл қазіргі кезде Қазақстанда қарапайым қараторғайлармен күрес жүргізіліп жатқан жоқ. Өйткені біздің ойымызша елде күрес жүргізетіндей мәселе тұрған жоқ. Ауғандық құстардың саны бірқалыпты өсу байқалмайды. Сол себепті ауылшаруашылығына және бақшаларға кесірін тигізіп жатқан жоқ. Үлкен шабуылдар байқалмады.

 

Міне, осы сұрақтарға жауап алған соң ғана көңіл жай тапқандай болды. Жай таптырған – әлгі, экожүйе. Табиғаттың заңы! Бұл құстар тек қана залалды емес екен. Әлгі кейіпкер айтқандай малдың үстіне қонақтайтыны – оның кенеден тазартқаны екен. Ой мен қырды бірдей кезсе, алқаптарды шекірткеден сақтағаны екен… Бірақ Қайнар Олжай ағамыз секілді қала шетіндегі тұрғындардың бау-бақшасына ауған торғайларының зазалы көп тиіп жүргені рас екен, жиі естимін.

Өзін көрер ме еді деген құстарды алыстан іздемей-ақ кездестірдім. Тынымбай көкеміз айтқандай, «көзімізді уқалап, ұйқымызды ашып» жан-жағымызға қарамайды екенбіз-ау. Шынымен қаптап жүр екен. Шынымен алақанат екен. Алаяқтығын қайдам. Кептермен бірге жүр. Әбден достасып алған секілді. Бұл торғайды көргенде кәдімгі қараторғай еске түсті. Мынау ауғандық құстар келгелі қараторғай азайып кетті деп еді…

Асылан ТІЛЕГЕН


«Ақ желкен» журналы, №3


Рекомендовать
Последние новости