Аудан орталығына айналған Мырзакент 3 жылда қалай өзгерді?

Dalanews 14 июн. 2021 08:58 1594

Түркістан облысының БАҚ өкілдері Мақтааралға жасаған пресс-туры барысында аудан орталығы Мырзакент кентіндегі жаңадан салынған нысандармен танысты. Аудан орталығы атанғанына 3 жыл толған Мырзакенттің қазіргі бет-бейнесі журналистерге ерекше ұнады, – деп хабарлайды Dalanews.kz Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ең алдымен тілшілер қауымы жақында ғана пайдалануға берілген Даңқ аллеясына аялдады. Аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков 1941-1945 жылдар аралығында Мақтарал ауданынан 32 мыңнан аса адам Ұлы Отан соғысына аттанып, соның 3900-і ғана аман-есен елге оралғанын атап өтті. Оның ішінде 12 адам "Кеңес Одағының батыры" атағын алған екен.

– Әрине, ел үшін қан төккен боздақтар ел есінде мәңгі сақталуы тиіс. Міне, осыны ескерген ауданымыздың әкімі Бақыт Асановтың бастамасымен С.Қожанов көшесі бойындағы мәңгілік алау ескерткішін қайта құру үшін бюджеттен 137 миллион теңге қаржы қаралып, мердігер "Таймас company" ЖШС тарапынан құрылыс жұмыстары жүргізілді – деді Бейсенбай Тасболатұлы.

Мұнан соң тілшілер аудан орталығындағы Жастар гүлзарында аудан әкімі Бақыт Асановпен арнайы кездесіп, аудан басшысынан сұхбат алды. Бақыт Насырханұлы 3 жылдың ішінде Мырзакент кентін абаттандыру, көркейту, көгалдандыру бағытында жасалған жұмыстар жөнінде кеңінен әңгімелеп берді.

– Мырзакентке алғаш келгенімізде орталық көшелердің бойында мал жайылып жүретін еді. Қураған ағаштар, өспеген гүлдер, ескірген ғимараттар. Әрине, мұның бәрі әліге дейін көз алдымда. Біз ең алғаш жұмысымызды сенбілік жасаудан бастап, жаңадан аудан орталығы болған Мырзакенттің тұрғындарына тазалықты сақтау мәдениетін қалыптастыру үшін түсіндіру жұмыстарын тынбай жасадық. Айыппұл салу шараларын қолға алдық. Мырзакенттің әрбір тұрғыны "аудан орталығының тұрғыны" деген атқа лайық болу керектігін және аудандағы басқа ауылдарға үлгі-өнеге болу керектігін айтудан шарашаған жоқпыз. Әрине, бізге оңай болған жоқ. Дегенмен, бүгінгі жасанған, жайнаған, гүлденген Мырзакентті өздеріңіз көріп тұрсыздар, – деді Бақыт Насырханұлы.

Жалпы аудан орталығы болғанына 3 жыл толған Мырзакент кенті күн сайын құлпырып келеді. Кентте ескірген нысандардың барлығы да қайта жаңарып, үлкен құрылыс нысандары бой көтерді. Атап айтқанда, аудан әкімі аппаратының ғимараты, Жастар гүлзары, Қ.Мұңайтпасов атындағы орталық стадион, Орталық кітапхана, Мырзакент емханасы ел игілігіне берілді. Бүгінде 1200 орындық мектеп және 280 орындық балабақшаның құрылысы жүруде және дербес бөлімдер үшін әкімшілік ғимараты, Спорт сарайы, Орталық саябақ нысандарының құрылысы жоспарлануда. Сонымен қатар, өткен жылғы Төтенше жағдай салдарынан Мырзакентте жаңа мөлтек аудан бой көтеріп, оның ішінде жаңа саябақ пен аллеялар пайда болды.

Мырзакентте көптеген кәсіпкерлік нысандар да тұрғызылып, халыққа қызмет көрсету сапасы күн сайын артуда. Кент көшелерінің барлығы дерлік асфальттенді. Ағаштар егіліп, жарқырата жарықшамдар орнатылды. Субұрқақтар атқылап, гүлдер жайқалды. Мырзалардың мекені деп атала бастаған Мырзакент қай жағынан алса да дамып, көркі көз тоймайтын деңгейге жеткеніне БАҚ өкілдері көз жеткізді.

Рекомендовать
Последние новости