АТУ студенттері жаңа жатақханаға қоныстанды

Dalanews 04 дек. 2014 00:55 1757

Елбасының тапсырмасымен әзірленіп, бекітілген «Студенттік тұрғын үй» президенттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Алматы технологиялық университеті 540 орынға арналған жаңа студенттік жатақхананы пайдалануға берді.

[caption id="attachment_8461" align="alignleft" width="333"]_DSC0074 Жатақхананың ашылу салтанатына Алматы қаласы әкімінің орынбасары Зәуреш Аманжолова қатысты.[/caption]

Жатақхананың ашылу салтанатына Алматы қаласы әкімінің орынбасары Зәуреш Аманжолова қатысып, студенттер мен оқытушыларды Тұңғыш Президент күнімен құттықтады.

– Оқу орнының түлектері – технологтар еліміз үшін әрдайым қажет мамандар. Сіздер үшін бүгін жақсы жағдай жасалып отыр, енді сіздер терең білім алып, табысты еңбек етулеріңіз қажет. Оқу орнынан кәсіби тұрғыдан шыңдалып, елдің патриоты болыңыздар, – деді қала әкімінің орынбасары.

Шараға қатысқан Жоғары оқу орындары қауымдастығының төрағасы, қалалық мәслихат депутаты Рахман Алшанов, қалалық «Парасат» кәсіподағының төрағасы Данат Жанатаев, Алматы технологиялық университетінің ректоры Құралбек Құлажанов сөз кезегін алып, ашылып отырған жатақхана студенттердің жайлы үйіне айналып, бұл шаңырақтан еліміздің дамуына зор үлес қосатын білікті мамандардың түлеуін тіледі.

Жаңа студенттік жатақхана қазіргі заманғы индустриалды үй тұрғызу технологиясымен салынған. 1 жыл 2 ай ішінде салынған жатақхана құрылысына университет әкімшілігі өз қаражатынан 900 млн. теңге жұмсады. Университеттің бірінші проректоры, профессор Бауыржан Нұрахметовтың айтуынша ғимаратта қазіргі заманғы телекоммуникация желісі, атап айтқанда жоғары жылдамдықтағы Wi-Fi желісі өткізілген, жатақханада студенттік асхана, медициналық кабинет, оқу залдары, демалыс бөлмелері бар.

«Бүгінде университет әкімшілігі студенттердің 92 пайызын жатақханамен қамтып отыр. Алайда оқу ордасы кеңейіп келеді, қазіргі заманғы зерттеу университетіне айналуын мақсат тұтады. Сондықтан университет жоспарында 500-600 орындық тағы бір жатақхана салу көзделіп отыр», - деп атап өтті университеттің тәрбие ісі жөніндегі проректоры Қалтай Батхолдин.

Қазіргі таңда Алматы қаласы бойынша 40 мың студент жатақханаға мұқтаж екенін ескерсек, жаңа жатақхананың ашылуы Алматы жастары үшін айтулы оқиға болды.

Асхат Әбіше,


 Алматы технологиялық университетінің


ақпараттық қызмет жетекшісі.


 

Рекомендовать
Последние новости