Атырауда 15 жыл бұрын апатты деп танылған үйлерде адамдар әлі тұрып жатыр

Қаракөз Амантай 30 янв. 2026 17:13

Атырау облысында апатты жағдайда тұрған 190-нан астам тұрғын үй бар. Соның шамамен 90-ы Атырау қаласының аумағында орналасқан. Ғасырға жуық уақыт бұрын салынған бұл үйлердің тұрғындары мұндай баспанада өмір сүру адам денсаулығы мен қауіпсіздігіне қатер төндіретінін айтып, дабыл қағып жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz Inform.kz-ке сілтеме жасап.

Құлаған қабырғалар мен опырылған шатырлар әсіресе Шүкір Еркінов көшесіндегі үйлерден анық байқалады. №4 және №4а тұрғын үйлер шамамен 70 жыл бұрын салынған. Аталған үйлердің апатты деп танылғанына қарамастан, тұрғындарды көшіру мәселесі әлі күнге дейін шешімін таппаған.

Тұрғындардың айтуынша, бұған дейін қала әкімдігі оларды Огородный шағынауданындағы көпқабатты үйге көшіруге уәде берген. Бұл уәдені сол кездегі қала әкімі Шәкір Кейкін айтқан. Алайда биыл жағдай күрт өзгерген.

"Біз тұрып жатқан үй қазір ешбір мекеменің балансында жоқ. Тұрғын үй кооперативі де құрылмаған", - дейді осы үйдің тұрғыны Фариза Сәрсенғалиева.

Тұрғындар жыл сайын өз қаражатына жөндеу жұмыстарын жүргізіп, пәтерлерді күтіп ұстауға тырысатынын айтады. Алайда үйлердің қабырғасын зең басып, өмір сүру барған сайын қиындап барады.

"Егер үй жылы әрі таза болса, ескі екеніне қарамастан тұра берер едік. Бірақ жылу мүлде жетпейді. Пәтер ішінде сырт киіммен жүруге мәжбүрміз. Кейбір көршілер басқа жақтан үй жалдап көшіп кеткен. Ал мүмкіндігі жоқтар осында қалды. Жиһаздың бәрін зең басып кеткен. Адамдар несие алып жөндеу жасайды, бірақ нәтиже жоқ", - дейді тұрғын Айзада Бейсембай.

Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің мәліметінше, Шүкір Еркінов көшесінде орналасқан үш үй апатты деп танылған. Бір үйде 22 пәтер бар. Бұл үйлер 2011 жылы ресми түрде апатты санатқа енгізілген.

"Облыс әкімінің орынбасары бекіткен 2029 жылға дейінгі жол картасы бар. Биыл екі апатты үйді бұзу туралы шешім қабылданды. Қалған 89 үйді 2029 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру жоспарланып отыр. Апатты үйлердің тұрғындарына бюджет есебінен пәтерлер сатып алынады", - деді қалалық ТҮКШ және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің сектор меңгерушісі Гүлжамал Жолдасова.

Бөлім дерегінше, жыл сайын орта есеппен 7–8 апатты үйдің тұрғындары көшіріледі. Ал мәселені алдағы үш жылда түбегейлі шешу үшін жыл сайын кемінде 29 үйді көшіру қажет.

Ресми мәліметке сәйкес, Атырау облысында 2023 жылы 13 үй, 2024 жылы 24 үй, ал 2025 жылы 20 апатты үйдің тұрғындары жаңа баспанаға көшірілген.


Рекомендовать
Последние новости
// Banner remove