Атамбаев пен Назарбаев неге араздасты? Қырғыз саясаткері конфликтінің мән-жайын айтты

Dalanews 17 февр. 2022 12:43 1207

Назарбаев пен Атамбаев неге дүрдараз? Дүйім ел естіген конфликтінің төркіні қайда жатыр? Бұған Кремль көсемінің қатысы қанша? Қаңтар оқиғасынан кейін саяси алаңнан аласталған Назарбаев дүркіреп тұрған шағында Атамбаевтың аяғынан шалғаны рас па?

«Социал-демократтар» партиясының лидері, Атамбаевтың сенімді адамы болған Темірлан Сұлтанбеков екі экс-президенттің арасындағы ерегестің неден туындағанын айтты деп хабарлайды Dalanews.kz.

Айта кетсек, Қаңтар оқиғасынан Атамбаев та қалыс қалмады. Дүр көтерілген халыққа қолдау білдірген ол, қазақтілді аудиторияның ықыласына бөленді. Қаңтар дүрбелеңі туралы айта келе, Назарбаев екеуінің арасы суып кеткенін еске салды.

«Онымен 2016 жылдың қыркүйегінен бері қырғиқабақпыз. Араласпаймыз, ат құйрығын үзіскенімізге бес жылға жуықтады...», – деді атышулы Атамбаев.

Жә, дәлік. Сонда 2016 жылдың қыркүйегінде қандай, нендей оқиға болды? Осы арада сөз кезегін Сұлтанбековке берсек.

Бүй дейді ол:

«Атамбаев Қазақстанның экс-президентіне албатыдан-албаты соқтыққан жоқ. 2017 жылдың қазанында Назарбаев туралы қазақ халқының көкейінде жүрген ақиқатты айтты. Алайда екеуінің арасы оған дейін бұзылған.

2016 жылдың қыркүйегінде бауырлас елдің басшылары бітіспес дұшпанға айналды.

Дәл сол жылы, сол айда қырғыз жерінде Дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтті. Ұлттың рухы оянып, елдің еңсесі көтеріліп қалды.



Қыркүйектің бел ортасында Бішкекте ТМД-ға мүше мемлекеттердің басшылары бас қосты. Келесі күні Атамбаев 60-қа толды. Шараға қатысқандарың көпшілігі Атамбаевтың мерейтойын атап үшін Бішкекте тағы бір күнге түнеп қалды.

Атамбаев аста-төк той жасаған жоқ.

Мерейтойында бауырлас, көршілес елдердің басшыларын 1916 жылғы қуғын-сүргін құрбандарына арнап, арнайы салынған Ата – бейіт мемориалына алып жүруді жөн деп тапты. Рәсім бойынша ТМД президенттері мемориалға гүл шоғын қоюға тиіс еді».


Сұлтанбековтың сөзін осы арадан үзейік. Аз-кем анықтама:

«Ата-Бейіт» қуғын-сүргін құрбандары мемориал кешені 2000 жылы салынған. Қырғызстандағы 1930 жылдағы сталиндік қуғын-сүргін құрбандары көмілген ел аумағындағы жалғыз зират. Қазір мұнда 137 кісінің сүйегі жатыр. Бәрі бір түнде атылып, осы жерге астыртын көмілген. Ал туған-туыстарына Сібірге жер аударылды, кездесуге болмайды деп тек 20 жылдан кейін ғана атылғаны туралы анықтама берілген.

Құрбан болғандар арасында қырғыздың мәдениет министрі Асанбай Жамансариев, ағарту министрі Османқұл Алиев, сауда министрі Төреқұл Айтматов, Қырғызстандағы Алашорда партиясының жетекшісі Әбдікерім Сыдықов сияқты қырғыз халқының сүт бетіне шығар қаймақтары бар.

Жалпы Сталиннің жандайшаптары қырғыздарға да қырғидай тиген. Мемориалдық кешеннің басшылығы таратқан мәліметке қарағанда 20 мыңнан астам қырғыз Қызыл қырғынның құрбаны болған.

...

Атамбаевтың мерейтойын атап өтуге Ресей президенті Путин де қатысады. Сұлтанбековтың айтуынша Кремль көсемін Ата-бейітке алып жүру қырғыз-орыстың қарым-қатынасына селкеу түсіреді деген қауіп болған. Мемориалдың салынуын Мәскеу бұған дейін де құптамаған.

"1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс қазақ пен қырғызға ортақ еді. Патша билігі бас көтерген халықты аяусыз басып жаншыды. Қырғыз бен қазақ 200 мың адамынан айырылды. 500 мың адам бас сауғалап, Қытай асты. Үлгермегендері аштықтан бұратылып, жол ортада жантәсілім етті. Ата-бабамыздың сүйегі көмусіз қалды.

Атамбаев Үркүн деген атпен тарихта қалған трагедияға әділ баға беріп, жарлық шығарды. Путиннің қас-қабағына қараған жоқ. 2016 жылы Үркүн трагедиясына 100 жыл толған еді...», – дейді Сұлтанбеков.

Атамбаевтың жарлығынан кейін Үркүн оқиғасына қатысты тың, терең зерттеу жасалып, 1916 жылғы қырғында көмусіз қалған қырғыз-қазақтың сүйегін іздестіру экспедициялары басталған.

Сұлтанбековтың ақпаратына қарағанда, алғашқыда Кремль көсемі Ата-бейіт мемориалына бас тартқан. Соған қарамай, Атамбаев Путинді айтқанына көндіріп, ақиқаттан қашпауды сұраған.


«Екі елдің тарихындағы ақтаңдақты ашық айтқанда ғана, араздық ұмытылады» деп Ресей президентін мемориалға баруға иліктірген.



Осы арада араға Назарбаев киліккен көрінеді.

Путин мемориалға баруға жиналып жатқанда оның жолын Қазақстанның Тұңғыш-президенті кес-кестеген.

«Ата-бейітке барма, бұл антиресейлік іс-шара» деп азғыра бастаған.

«Қазақстанда мұндай рәсімді Ресейге сыйластық сақтап өткізген жоқпыз.  Егер мен бейіт басына барсам қазақтар мұнымды түсінбейді, себебі біз мұндай жарлық шығарған жоқпыз. Атамбаев нағыз «националист», ұлт араздықты қоздырып отыр...», – дейді Назарбаев.

Сұлтановтың айтуынша Назарбаев мұның бәрін Атамбаевтың көзінше айтқан. Мұны естігенде қырғыз басшысының ашуы терісіне сыймай, «арс..» ете қалған.

«Мұндай мемориал орнатқың келсе, кім қолыңды қақты? Сенің жасыңдағы адам Құдайдан қорқуы керек!», – деп жауап қатыпты Атамбаев.

...

Екі президенттің арпылдасып тұрған біраз бақылған Путин аз-кем ойланып тұрып, ақыры Атамбаевтың соңынан ілесіпті.

«Путин осы арқылы осының парасатын көрсетті. Назарбаев әлгі жерден кілт бұрылып, әуежайға тартты. Астанаға ұшты. Путин бейіт басына барып гүл шоғын қойды, артынан Атамбаевтың 60 жасын атап өтті.


Ресей президентіне айтар алғысымыз шексіз. Путин осы арқылы екі елдің қарым-қатынасындағы даулы тақырыпты жапты. Бұл кісіліктің көрінісі, адамшылықтың белгісі еді. Атамбаевтың тұсындағы Қырғызстан ешкімнен кем болған жоқ. Бұл оқиғаны баяндауыма Қаңтар дүрбелеңі түрткі болды...», – дейді Сұлтанбеков.

Әзірлеген, Думан БЫҚАЙ




Рекомендовать
Последние новости