Астанаға 500 тонна ауыл шаруашылық өнімі жөнелтілді

Dalanews 19 сент. 2018 10:26 893

Ағымдағы жылы қыркүйек айының 22-23 күндері Түркістан облысының тауар өндірушілері Елордада ауыл шаруашылығы өнімдерінің кезекті жәрмеңкесін өткізеді.

Астана қаласының 20 жылдық мерекесіне орай ұйымдастырылып отырған шараға жалпы құны 201 млн. теңгені құрайтын 496 тонна ауыл шаруашылығы өнімдері ұсынылмақ. Оның ішінде 80 тонна ет және ет өнімдері, 141 тонна көкөніс, 28 тонна сүт және 90 тонна бақша өнімдері, 53 тонна жеміс-жидек, 26 тонна картоп жөнелтіледі. Сондай-ақ, 10 мың дана жұмыртқа және 5 тонна балық, 4 тонна әсел, 10 тонна кептірілген жеміс, 14 тонна түрлі консервілер және 45 тонна басқа да өнімдер бар.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Нұрбек Бадырақовтың айтуынша, жәрмеңкедегі тауарлар базар нарқынан 10-15 пайыз төмен бағада сатылатын болады.

«Отандық өнімдеріміз қала тұрғындары мен қонақтарына жәрмеңке арқылы ұсынылады. Түркістан облысы Астана қаласының 20 жылдық мерекесі аясында осымен 4-ші рет жәрмеңке өткізіп отыр. Осы аралықта Елордаға 14 753 тоннаны құрайтын ауыл шаруашылығы өнімдерінің 28 түрін жөнелтілді. Осы шараны өткізуге өңіріміздің 35 ірі және қосалқы шаруа қожалықтары мен кәсіпорындары атсалысуда», – деді Нұрбек Бадырақов.

Биыл түркістандық шаруалар 500 мың тоннаға жуық өнімді Ресей, Беларусь, Латвия, Германия мемлекеттеріне экспорттаса, 1 млн. тонна тауар еліміздің солтүстік өңірлеріне жөнелтілді.

Айта кетейік, облыста тамшылатып суғару әдісі жаңадан 6 406 гектарға ендіріліп, жалпы аумағы 64,4 мың гектарға жеткен. Сондай-ақ, 126,2 гектар жылыжай салынып, жалпы көлемі 1285,4 гектарға артқан.

Ауыл шаруашылығында негізгі капиталға тартылған инвестициялардың көлемі 9,1 млрд.теңгені құрады. Осының нәтижесінде 8 айда ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы 249 056 млн. теңгеге жетті. Бұл өткен жылғы тиісті кезеңімен салыстырғанда 3,6 пайызға артқанын көрсетеді.

 

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі  

Рекомендовать
Последние новости