Астанада 21 жастағы жігіт ағасын өлтіріп, әпкелерін пышақтады: жарақат алғандардың жағдайы белгілі болды

Қаракөз Амантай 20 янв. 2025 15:01 1597

Астанада 21 жастағы жігіт немере ағасын азаптап өлтіріп, тағы үш жақынын пышақтап, ауыр жарақат салды. Қалалық денсаулық сақтау басқармасы зардап шеккендердің қазіргі жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Зардап шеккендер №1 Көпбейінді қалалық ауруханада жатыр.

“1964 жылғы әйелдің көптеген тілінген-кесілген жарақаты бар, сол жақ қабырғасы сынған. Ауруханаға ауыр хәлде түсті, бірден ота жасалды. Қазір интенсивті терапия палатасында жатыр. 1974 жылғы әйелдің де көптеген тілінген-кесілген жарақаты бар, бас жарақаты, оң жақ қабырғасы сынған. Жалпы жағдайы орташа, тұрақты. Ал 18 жастағы қыз да хирургия бөлімшесіне жатқызылды. Жағдайы тұрақты, орташа”, - деді басқарманың баспасөз қызметі Азаттық рухы порталына.

Еске салайық, Астанада түн жарымында орын алған қайғылы оқиға елорда тұрғындарын дүр сілкіндірген еді. 

Алдын ала мәлімет бойынша, жанжалға компьютерлік ойын себеп болған.

Қайғылы жағдай елордадағы Мұстафин көшесіндегі пәтерде орын алған. Үйде апалы-сіңілі әйелдер бірге тұрған. Екеуінің балалары және ағаларының 21 жасар ұлы Жанғали Жұматаев та сол үйді паналаған.

Жанғали еш жерде жұмыс істемеген, күнұзаққа смартфонға телміріп, атышулы Standoff 2 деген ойынды ойнаумен уақыт өткізген. Бұл ойын шынайы ұрыс алаңына ұқсас, негізінен жаудың көзін жою, граната лақтыру, пышақпен шабуыл жасау секілді қантөгіске толы, қатыгез әрекеттерді бейнелейді.

Тергеушілердің болжамына сай, қанды оқиға орын алған түнде Жанғали тас қараңғыда, түн ортасына дейін смартфонмен атыс-шабыс ойынын ойнап отырған.

Шамамен, сағат тілі түнгі үштерден ауғанда, тәтесі одан "телефоныңды өшіріп, ұйықтасаңшы" деп өтініш жасайды. Үй-ішіндегілерді смартфонның жарығы мен дыбысы мазалап, тынығуға мүмкіндік бермеген. Алайда Жұматаев әпкесінің ескертуін елемей, ойынды әрі қарай да жалғастыра береді. Кейін тәтесі қайта айналып келіп, телефонды сөндіруді бұйырған кезде арада айғай-шу шыққан.

Барлығы орнына жайғасып, қалың ұйқыға кеткен уақытта Жанғали асүйден "суық қару" алып, өзінен жеті жас үлкен немере ағасына (тәтесінің ұлына) пышақ жұмсайды. Алдын ала мәлімет бойынша, марқұмға жиырма жерден пышақ жарақаты тиген. Жедел жәрдем оқиға орнына жетіп үлгергенше, 28 жастағы азамат жан тапсырған.

Қылмыскер жан даусы шыққан жас баланың дауысынан шошып оянып, өре түрегелген үйдегілерге де пышақ ала жүгірген. Қандықолдың тырнағына іліккен үй иелері, әпкелі-сіңлілі әйелдер мен немере сіңлісі бас,кеуде және арқа тұсынан ауыр жарақат алған. Қазіргі таңда үшеуі де ауруханада ем қабылдап жатыр. Дәрігерлер олардың өміріне қауіп төндірген жаралардың ауырлығын атап өтуде, алайда бар күштерін салып, ем-дом жасап жатқандарын мәлімдеді. Марқұм 28 жастағы азамат жедел жәрдем жеткенше қан көп жоғалтқан.

Күдікті Жанғали Жұматаев оқиға орнында ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары басталып, оған «Адам өлтіру» және «Адам өлтіруге оқталу» баптары бойынша айып тағылғаны хабарланды.

Құқық қорғау органдары мен психологтар ойынға шектен тыс беріліп кетудің, әсіресе әлі бұғанасы бекіп үлгермеген жасөспірімдер мен жастарға қауіпті екенін жиі ескертеді. Қазіргі таңда тергеу жалғасуда, сарапшылар қанды шабуылға нақты не түрткі болғанын анықтап, істі сотқа жолдайтыны күтіліп отыр. 

 


Рекомендовать
Последние новости