Артур Нығметов: «Түркістанда жастардың арманына жол салынды»

Dalanews 07 сент. 2018 04:22 879

Артур Нығметов: «Түркістанда жастардың арманына жол салынды»

 

Елбасы  Нұрсұлтан Әбішұлының «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуі – экономикамызға жасалған жаңа импульс болғаны сөзсіз. Осы орайда бұл үндеудің жүзеге асу перспективасы туралы талай ойлар айтылған болатын. Ең әуелгі қызықтырып отырған аймақ, ол – Түркістан облысы. Құрылғанына үш ай толмаған жаңа өңірдің экономикалық, әлеуметтік қауқары қандай? Аталмыш үндеу осы өңірге қалай әсер етеді? Бұл күнтізбе бетіндегі негізгі сұрақтардың бірі.

Қазақта «тауық сойса да қасапшы сойсын» деген бір нақыл сөз бар. Біз де осы орайда жаңа құрылған облыстың болашақ перспективасы туралы сарапшы маманнан сұрауды жөн көрдік.

Елбасы үндеуі Түркістан облысында қалай жүзеге асады деген мәселе бойынша  белгілі саясаткер әрі  сарапшы Артур Нығметов өз пікірімен бөліскен болатын:

– Соңғы екі айда Түркістан қаласына облыстың әкімшілік органдарының көшу жұмыстары қарқынды жүргізілді. Екі ай ішінде 27 атқарушы органның 22 басқармасы, 14 аумақтық орган өкілдіктері Түркістанға қоныс аударып, қазіргі таңда жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр.

Ал осы жерде жоғарыда аты аталған мемлекеттік органдардың қызметкерлері қайда тұрып жатыр деген заңды сұрақ туындайтындығы белгілі. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметкерлер уақытша тұрғын үй, жатақханамен қамтылып жатыр екен.

Орайы келгенде айта кетсек, Түркістанды түлетемін деп, киелі шаһарға қоныс аударған қызметкерлерге Елбасының бес әлеуметтік бастамасы аясындағы жұмыстар шарапатын тигізеді деп ойлаймын.

Тарқатып айтсақ, Түркістанның дамуына оң серпін беретін бағдарламаның бірінші бағыты бұқараны баспанамен қамтуды көздейді емес пе?! Міне, сабақты ине сәтімен деген осы болса керекті. Яғни күні кеше Үкімет басшысының алдында облыс әкімі Ж.Түймебаев Түркістанда 1200 пәтерлік 20 көпқабатты тұрғын үйдің, Кентауда 420 пәтерлік жеті үйдің құрылысы жүргізіліп жатқандығын айтты. Нысандардың құрылысы 2019 жылы аяқталады. Мұнан бөлек, Президенттің бес әлеуметтік бастамасын іске асыру аясында «7-20-25» бағдарламасын  жүзеге асыру үшін әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация 360 пәтер болатын алты көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын бастаған.

Міне, аз ғана уақыттың ішінде киелі шаһарда баспаналы боламын деген ниетті жаңдардың арманына жол салына бастады.

Мұнан өзге,  Елбасының бес әлеуметтік бастамасында көзделген «Жалақысы төмен жұмысшы, қызметкерлерге салықтық жеңілдіктер жасау, жастардың білім алуы мен жатақханамен қамтылуына байланысты орындалатын міндеттер де қазіргі таңда жүргізіліп жатқан тындырымды тірліктерге ерекше серпін беріп, жұмыстар үш есе қарқынмен жүргізілуі тиіс деп санаймын.

Елбасы ұсынған «7-20-25» бағдарламасы түркістандық қаншама жастың арманына қол жеткізуге жол ашады. «Өз үйім – өлең төсегім» дейтін қуанышты сәттің орындаларына да аз қалды.  Ал жатақханаға қатысты мәселенің оңтайлы шешімін табуы да ынталы жастардың көңілін демдесе, студенттердің жатақханамен қамтылуы өз кезегінде ізденімпаз жастардың алаңсыз білім алуына мол мүмкіндік сыйлап отыр.

Түркістанды түлетіп, түрлендіруде бес әлеуметтік бастаманың берер жақсылығы молынан болмақ. Олай деуге себеп, тоғыз жолдың торабында орналасқан киелі шаһарда шағын және орта кәсіпкерліктің жұмысын жандандыру қаланың туристік әлеуетін арттыруда рөлі зор болмақ».

Рекомендовать
Последние новости