Түркістанда тұрғын үй мәселесі шешіледі

Dalanews 07 сент. 2018 04:26 1080

Экономиканың ең негізгі көрсеткіші – адам. Сондықтан әр тәуелсіз мемлекеттің ең бірінші байлығы тұрғындары болмақ. Оның тұрмыстық жағдайы, ойы, сөзі, еркіндігі мен қауіпсіздігі қарқынды дамыған экономиканың дәйегі болса керек.

Міне, осы себепті демографияның өсімі – кез келген дербес ел үшін ең басты талаптың бірі. Кейінгі деректерге сүйенсек, Қазақстан демографиясы бұл күнде 18 миллионды жағалап келеді. Оның басым бөлігі оңтүстік өңірлерде орналасқан. Сондықтан ел экономикасын жаңа сатыға көтермек үшін осы өңірдегі мүмкіндіктерді өсіруге жаңа импульс қажеттігі көптен бері сезілген-ді.

Таяуда ғана ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Үкімімен Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан облысы болып өзгертілгенін сүйіншілей хабарлаған болатын отандық БАҚ. Тағы бір көңіл қуантқан жаңалық, жаңа облыстың бас шаһары болып Түркістан қаласы бекітілді.

Иә, бұл маңызды шешім өңірдегі бірқатар мәселелердің бетін бері қаратпақ деген сенім мол. Киелі шаһардың болашағы һақында кәделі тұспалдар жасалып-ақ келеді. Десе де, дегенінің дәлелі басым, ауызы дуалы адамдардың пікірі бір бөлек емес пе? Осы орайда біз еліміздің ең танымал сарапшыларының бірі Нәйлә Әлмұхамедовамен пікірлесіп көрген едік:

– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуін негізге ала отырып жауап беріп көрсем. Меніңше, жаңа облыстың құрылуы – игі бастама. Оның үстіне мұндай тәжірибе бізде бар. Мысал ретінде Талдықорғанды алып қарасаңыз.

Иә, өңірдегі экономика күрделі реформаға ұшырайтыны сөзсіз. Оның үстіне, бөлінетін бюджет те біршама ұлғаяды. Демек, Елбасының бес әлеуметтік бастамасының төртеуі Түркістанда да қарқынды түрде жүзеге асары сөзсіз. Меніңше, өңірдегі ең басты мәселе – баспана мәселесі қолға бірінші алынатын секілді. Себебі демографиясы көп өңірдің еңбек ресурсы арзан бағаланады. Демек, халық ең бірінші баспана мәселесін шешуді армандайды. Осы орайда үндеуде көрсетілген әлеуметтік бастамалардың ішінде «7-20-25» жобасы өңірде қарқынды жүзеге асуы тиіс деп сенеміз.

Жолдаудың алғашқы бөлігінде былай деп көрсетілген: «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» бағыты іске асады.

2017 жылы 11,2 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Дегенмен, оның өзі жеткіліксіз, әлі күнге дейін көптеген отбасы баспанасыз жүр. Айрықша әлеуметтік маңызы бар мәселе. Оның шешімін тұрғын үй ипотекасының қалың көпшілікке жаппай қолжетімділігін арттыру арқылы табуға барлық жағдай жасау керек.

Жұмыс істейтін әрбір адам несиеге пәтер сатып алып, оны отбасылық бюджетінің мүмкіндіктері аясында төлей алатындай болуы үшін арзан ресурстар ұсынатын тетіктер қажет.

Сондықтан мен «7-20-25» бағдарламасын ұсынамын. Жұмыс істейтін әрбір қазақстандық төмендегідей шарттар бойынша теңгемен несие алу мүмкіндігіне ие болады. Несие өсімінің мөлшерлемесі қазіргідей 14-16 емес, жылына 7 пайыздан  аспайтын болады. Қазір банктер бастапқы жарнаға баспана құнының 30 процентіне дейін, кейде тіпті 50 процентін салуды талап етсе, бұл бағдарлама бойынша ол 20 проценттен аспауға тиіс.

Несие алушының ай сайынғы төлемін азайту үшін оның мерзімі 10-15 емес, 25 жылға дейін болады.  Ол үшін Ұлттық банктің, екінші деңгейлі банктер мен қор нарығының мүмкіндіктерін іске қосу керек. Ұлттық банк кемінде 1 триллион теңге қаржы тартатын арнайы компания құрып, ол қаржыны банктердің жоғарыда айтылған шарттар бойынша беретін жаңа ипотекалық несиелерін сатып алуға жұмсауы қажет.

Бағдарламаны жүзеге асыру тұрғын үй құрылысына зор серпін береді. Нәтижесінде, миллиондаған қазақстандық үшін баспана алудың қолжетімділігі  артады. Сонымен қатар бұл экономиканың, шағын және орта бизнестің өрістеуіне жұмыс істейді, жаңа жұмыс орындарын ашады. Көптеген азаматтардың арманы ақиқатқа айналады!».

Иә,  әлеуметтік бастаманың қалған бөлімдері де өз кезегінде жүзеге асары сөзсіз. Алайда мұндағы студент жастардың жағдайын жасау, кәсіпке берілетін несиелер бірден белең алуы үлкен ресурсты талап етеді. Сондықтан бұл спекторлар өз кезегінде бабымен орындалады деп күтеміз. Негізгі акцент – тұрғын үй мәселесі болуы керек деп ойлаймын, – деді сарапшы маман.

Рекомендовать
Последние новости