Ақтөбеден Данангқа: Вьетнамды бауырсаққа үйреткен қазақтар

Сағыныш Сардарова 26 июн. 2025 10:00

Кейінгі жылдары Вьетнам қазақстандықтар арасында ең танымал бағыттардың біріне айналды. Бірақ бұл елге саяхаттап бару бір бөлек те, тұрақтап қалып, кәсіп ашу - мүлдем бөлек әңгіме.

Dalanews.kz ерекше кейіпкерлерді тапты. Бұл жолы Вьетнамда мейрамхана ашқан қазақстандық ерлі-зайыптымен тілдестік.

Ақтөбелік Арман мен Айнұр Дананг қаласындағы жалғыз Орталық Азия мейрамханасын ашқан. Атауы да ерекше, мейрамхана "Той" деп аталады.

Қазақстандық ерлі-зайыпты Вьетнамға көшкенге дейін Тайландта алты ай тұрған. Соның ішінде Паттайя мен Пхукетте болған.

"Бұл жақ бізге аса ұнамады: жылдың қай мезгілі болса да қатты ыстық, ал менталитеті бізге жат болды. Визаларымыздың мерзімі біткен соң, әрі қарай қайда баратынымызды іздей бастадым, сөйтіп TikTok-тан кездейсоқ Дананг туралы видеоға тап болдым. Көрейік деп ұйғардық. Алғашқы аптада не істерімізді білмедік, бірақ жаңбыр басылып, жалға байк алғанда, қала мүлде басқа қырынан ашылғандай болды, сөйтіп бұл қалаға ғашық болдық", - дейді ол.

32 жастағы Арманның айтуынша, Вьетнамда, соның ішінде Данангта тұрып жатқанына бір жылдан аса уақыт болған.

Қазақстандықтың сөзінше, мейрамхана ашу идеясы кенет пайда болған. Бәрі осы елге сапарлап келуден басталған.

"Әйелім екеумізге Дананг қатты ұнады, Ақтөбеге оралғаннан кейін қайта оралғымыз келетінін үнемі ойлап жүрдік. Бірде сөйлесіп отырып: "Тіке рейс ашса ғой!" деп ойладық. Бір-екі аптадан кейін жаңалықтардан Дананг қаласына тікелей рейстер ашылғанын хабарлады. Осы жаңалықтан кейін көшу туралы нақты шешім қабылдадық", - дейді ол.

Арман бұрыннан тамақ дайындауды ұнатады екен, бірақ мұнымен тек хоббиі ретінде айналысқан. Бір қызығы, оның екі мамандығы да мүлдем басқа салаға байланысты.

"Екі жоғары білімім бар: бірі техникалық, екіншісі медициналық. Сондықтан бұған дейін бұл саламен байланысым болған жоқ", - дейді ол.

Ол ақпанның басында Данангқа келіп, тікелей рейстер ашылғанға дейін мейрамхананы іске қосу үшін жұмысты бастап кеткен.

Мейрамхана иесі оның ерекшелігін де әңгімелеп берді.

"Толығымен қазақ мейрамханасы деп айта алмаймыз, біздің мәзірімізде Орталық Азияның басқа тағамдары да бар. Менің ойымша, біздің мекеменің басты ерекшелігі - тамақты өзім әзірлейтінім. Залда вьетнамдық қызметкерлер жұмыс істейді. Қазіргі таңда командамызда бес адам бар. Біз жаңа қызметкерлер іздеп жатырмыз", - дейді ол.

Арманның сөзінше, кейде үлгермей қалатын сәттері де болады, себебі осынша адам келеді деп күтпеген.

"Кейде тапсырысты уақытында беріп үлгере бермейміз, қонақтардың мұндай легін күткен жоқпыз. Тұрақты жұмыс істейтін қызметкерлерді табу өте қиын. Бірақ менің ойымша, әр нәрсенің өз уақыты бар, күн сайын тәжірибе жинақтап жатырмыз", - деді ол.

Мейрамхананың іші де ұлттық стильде безендірілген. 

Арман вьетнамдықтарды қазақтың ұлттық тағамдарымен таныстырып жүргенін де айтты.

"Вьетнамдықтарды біздің шоколад, құрт, қазы, бауырсақ, манты, лағманмен таныстырдым. Оларға қатты ұнағаны - бауырсақ пен манты. Бірақ жергілікті тұрғындар құрт пен қазыны онша ұнатпады, олар үшін бұл тағамдар тым ащы екен", - деді ол.

Ол шетелде қазақтың төл ерекшелігін, ұлттық тағамдардың дәмін сақтауға тырысатынын жеткізді.

"Тағамдарымыздың ерекшелігін сақтауға тырысамыз: дәмдеуіштердің барлығын Қазақстаннан әкелемін, себебі дәмі дәл Қазақстандағыдай болса екен деймін", - деді ол.

Арман мейрамханадағы ең танымал тағамдарды да атады.

"Біздің мейрамханадағы ең танымал тағамдар, әрине, сиыр етінен жасалған манты және лағман", - дейді иесі.

Мейрамхана иесінен қонақтардан қандай ерекше алғыс алғандарын да сұрап көрдік. Оның сөзінше, үйінен жырақ жүргенде үйіндегідей дәмді сезіне алғанына риза болатындар көп.

"Бұл әрі қарай жалғастыруға және дамуға шабыттандыра түседі", - деп түйіндеді әңгімесін ол.


Рекомендовать
Последние новости