Ақтауда мұнай компаниясы жұмысшыларға 197 миллион теңге жалақыны уақытында төлемеген

Қаракөз Амантай 18 июл. 2025 14:53

Ақтау қаласының прокуратурасы мұнай өңдеумен айналысатын “Mangystau OilRefining” ЖШС-де жалақы төлеу тәртібінің заңға сәйкестігін тексерді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Маңғыстау облысы прокуратурасының мәліметінше, қаңтардан наурызға дейін аталған кәсіпорында 241 жұмысшы еңбекақысын ала алмаған. Жалпы берешек сомасы — 197 миллион теңгені құраған.

"Прокурорлық қадағалау нәтижесінде қызметкерлердің конституциялық құқықтары қорғалып, жалақы толығымен төленді", – делінген ресми хабарламада.

Осыған байланысты еңбекақы төлеуде олқылыққа жол берген компания басшылығы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Айта кетейік, бұған дейін Тараз қаласының прокуратурасы да еңбек және зейнетақы заңнамасының бұзылғанын анықтаған болатын. “Жасыл Ел Тараз” ЖШС қала аумағын тазалау және абаттандырумен айналыса отырып, жыл басынан бері 605 қызметкердің зейнетақы жарналарын аудармаған. Жиналған берешек 24 миллион теңгені құрады. Бұл әрекет 742 азаматтың құқығының бұзылуына алып келген.


Рекомендовать
Последние новости