Ақан ӘБДУӘЛИЕВ: БАҒДАРЫМЫЗ АЙҚЫНДАЛЫП, БАҒЫТЫМЫЗ ЖҮЙЕЛЕНДІ

Dalanews 16 мар. 2024 12:55 3347

Құрылтай ешқашан той тойлайтын жиын болмағандығы тағы дәлелденді. Ертеде хан ордасы болған Сарайшықтың іргесіндегі Атырау облысы қалың қазақты толғандырған, елдік мәселелер талқыға түскен орынға айналды. Әлеуметтік, шаруашылық, идеологиялық және басқа да салалардағы бағдарымыз айқындалып, бағытымыз жүйеленді. Ұлт ұясы Ұлытау жерінде, одан кейін киелі Түркістанда өткен құрылтайларда елдің саяси келбетіне қатысты маңызды бастамалар талқыланса, ал тарихи өлке – Атырау алабында өтіп жатқан басқосуда жақсылықтың жолы – жаңару мен жаңғыруға қатысты жайттар көтерілді.

Шындығында да, нағыз дамыған ел болу үшін экономикалық мақсат қою аздық ететінін уақыт өзі көрсетіп отыр. Ең алдымен сана-сезіміміз жаңғыруы қажет, халқымыздың дүниетанымы мен өмірлік ұстанымы өзгеруі тиіс. Және бұл өзгерістер рухани құндылықтарға негізделгені абзал. Үшінші отырыстың Ұлық ұлыстың, кейін Қазақ хандығының маңызды әкімшілік және сауда орталығы болған Жайық жағасында өтіп жатқаны да осы мақсаттан. Мәдениет пен руханият, азаматтық қоғам, білім-ғылым және әлеуметтік салаға серпіліс әкелудің жай-жапсары қаралған алғашқы күнінен-ақ бұл отырыстың маңыздылығы айқындала түсті. Алдыңғы құрылтайда көтерілген дүниелер тағы бір екшеленіп, айрықша маңызға ие болды. Президентіміз өз сөзін «Жаңару мен жаңғыру – жақсылыққа жол ашады» деп бастауы да қалың қарашаның ойын салмақтай түсті. Ділі мен тілі, санасы мен рухы адасып жүрген жастарға ақыл айтар аға буынның бірін-бірі мойындап, құрмет көрсете білуі ұлтымыздың ынтымақ-берекесін арттыра түсері сөзсіз екендігі айтылды. Мемлекет басшысы осы мәселенің себебін айтып, жіктеп, жіліктеп берді. Ел ағаларында ауызбіршілік болса, ұрпақтың бойында ел сүйсінер кесек қасиеттер қалыптасары даусыз.

Ақан ӘБДУӘЛИЕВ, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының директоры

 


Рекомендовать
Последние новости