“Ана тілін сақтап қалуымыз керек”. Ауғанстан қазақтары Тоқаевтан көмек сұрады

Қаракөз Амантай 19 дек. 2025 14:33

Ауғанстан қазақтары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Үкіметке және Парламент депутаттарына үндеу жолдап, қазақ мектебін ашуға қаржылай қолдау көрсетуді сұрады. Үндеуді “Ауғанстан қазақтарының мәдени орталығы” қоғамдық ұйымының төрағасы Асадулла Қажы Оймауыт Dalanews.kz редакциясына жолдады.

Айтуынша, аталған ұйым 2024 жылы Ауғанстанның түрлі аймағында тұратын 13 қазақ азаматының бастамасымен құрылған.

“Ұйымның негізгі мақсаты – Ауғанстандағы қазақтардың тарихи, этникалық және демографиялық деректерін жинақтау, олардың қай жылдары Қазақстаннан көшкенін, қай рудан тарағанын және қазіргі таңда қай өңірлерде тұратынын анықтау. Сонымен бірге Ауғанстандағы қазақтардың түрлі ұлттық, мемлекеттік мерекелерде бас қосуларын ұйымдастыру, оларға түрлі мәдени және материалдық көмек көрсету”, - делінген хатта. 


“Ауғанстан қазақтарының мәдени орталығы” 2024 жылдың 9 шілдесінде Ауғанстан Ислам Әмірлігінің ақпарат және мәдениет министрлігінде ресми түрде тіркелген.

“Бұл мәдени орталық мемлекеттік емес, ешқандай саяси және коммерциялық пайда көздемейтін, ешбір мемлекеттік немесе жеке ұйымдарға тәуелді емес қоғамдық ұйым”, - дейді белсенділер.

Үндеу авторларының айтуынша, Ауғанстан қазақтары ұзақ жылдар бойы өздерінің тілі мен мәдениетінен, салт-дәстурінен айырылып қалған.

“Себебі олардың Қазақстаннан Ауғанстанға көшуі сонау 1800 жылдардан басталады. Екі ғасырдан астам уақыттан бері олар Ауғанстанның әр аймағында бытырап, шашыраңқы қоныстанған”, - дейді.


Сөздерінше, осы уақытқа дейін қазақ тілінде білім беретін мектеп те, тұрақты мәдени орталық та болмаған.

“Ауғанстанда тұратын қандастарымыз жатжұртта жүрсе де, қиын тағдырды бастан кешіріп жатса да, олар ана тілін – қазақ тілін сақтауға барын салып отыр. Дегенмен жаһанданған дәуірде олардың өз тілін сақтап қалуы күннен күнге ұлттық трагедияға айналып жатыр. Сондықтан біз, Ауғанстандағы бір топ белсенді қазақтар, ұрпақтарымыздың ана тілін сақтап қалу үшін, оларға қазақ мәдениеті мен қазақтың салт-дәстүрін жаңғыртып, қазақ балаларына қазақ тілін әліппесін үйретіп, қазақ тілін оқытатын мектеп ашып, сауатты ұрпақ өсірсек деген мақсатпен осы орталықты құрған едік”, – делінген үндеуде.

Ауғанстан қазақтары бұл бастаманы жүзеге асыру үшін Қазақстан тарапынан нақты қаржылай көмек қажет екенін атап өтті. Олар ең алдымен Қазақстан Президентінен қолдау көрсетіп, қазақ мектебін ашуға жәрдем беруді сұрады.

“Біз осы уақытқа дейін өз қаражатымызбен Ауғанстан қазақтарына шамамыз келгенше адал қызмет етіп келеміз және болашақта да қызмет ете береміз!”, — деп түйіндеді олар.


Үндеуге Ауғанстанның түрлі өңірінде тұратын қазақ қауымдастығының өкілдері қол қойған. Атап айтқанда, "Ауғанстан қазақтары мәдени орталығының" төрағасы, Оймауыт руының өкілі Қажы Асадулла Халық (Мазари-Шариф қаласы), Қоңырат-Божбан руынан Шір Мұхаммад (Жүзжан қаласы), Сарықасқа руының өкілі Қажы Асадулла Бек (Фарияб облысы, Андхои ауданы), Қажы Сейфуддин Нұри (Шибарған қаласы), Хал Мұхаммад Махмуди (Тахар қаласы), инженер Азизулла Қазақ (Тахар қаласы), Қоңырат руынан Мұлла Абдулхамид (Құндыз қаласы), ұстаз, профессор Хикматулла Рахими (Мазари-Шариф қаласы), дәрігер Файзулла Муради (Сарипуль қаласы), Нематулла Акбар (Шолгаре ауданы), Ғуламсахи Фурқани (Мазари-Шариф қаласы) және Қажы Қаландар Рахими (Саманган қаласы) бар.

Ауғанстан қазақтары мәдени орталығының төрағасының байланыс номері: +93 77 126 0232.


Рекомендовать
Последние новости