Алтынбектің өлімі? ФБР осы қылмысты зерттеп, нәтижесін Қазақстанға тапсырған - Жақиянов

Көркем Алдабергенова 12 февр. 2024 15:02 12540

Саясаткер Ғалымжан Жақиянов марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне қатысты шындық неге ашылмай жатқанын айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жақиянов Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне қатысты шындық әлі күнге дейін ашылмағанын айтты. 

"Кеше Алтекеңнің қаза болғанына 18 жыл толды. Әлі күнге дейін шындық ашылмады, тарихи әділет орнамады. Ақорда істі қайта тергеуге талпынып отырған жоқ. Қоғам мен зиялы қауым тарапынан, медиада билікке істі қайта қарау туралы талап қою байқалмайды. Десе де Азаттық радиосы "Алтынбекті кім атты?", "Кім аттырды?" деген сұраққа жауап іздеу ұмтылысын тұрақты жасап келеді. Сол талпынысты Азаттық редакциясы биыл да жасады. Журналист Манас Қайыртайұлымен Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне қатысты жайттарды жақында талқылаған едік. 

Сұхбатта өзіме мәлім фактілерді айттым. Эксклюзив дәйек те айтылды.
 
2013 жылы Бостон қаласында АҚШ федералдық тергеу бюросы (FBI) агенттерімен кездескенмін. Алтынбектің қазасы жайлы әңгіме болған. Сол кездесуден түйгенім – "ФБР" осы қылмысты жан-жақты зерттеп, нәтижесін Қазақстанға тапсырған.
 
Ал еліміздің не ескі, не жаңа басшылары әлі күнге дейін ол тергеудің қорытындысы жайлы тіс жармай отыр", - дейді Жақиянов. 
Фото: Facebook
 
Ол Алтынбек Сәрсенбайұлы әділетсіз саяси жүйеге қарсы тұрғанын атап өтті. 
"Алтекең авторитарлық билік еліміздің көсегесін көгертпейтінін жақсы білді. Сол үшін де әділетсіз саяси жүйеге қарсы тұрды. Сол жолда шейіт болды. Қазіргі жағдайда Назарбаев тұсындағы саяси өлімдерді қайта қарамай, Алтекеңнің атын мектепке беріп, Зәкеңе (Заманбек Нұрқаділов) ескерткіш тұрғызып, олардың тәуелсіз Қазақстан тарихындағы орнына әділетті баға берілуі мүмкін емес. Шындықты білетін куәгерлер фактіні айтудан әлі де қорқады. Бұл Қазақстандағы авторитарлық жүйенің өзгеріссіз қалғанын көрсетеді. Елде шынайы саяси өзгеріс болған кезде ғана Зәкең мен Алтекеңе байланысты қылмыстар ашылып құқықтық, саяси және тарихи баға беріледі. Сонда ғана әділеттікке жол ашылды деп айта аламыз. Ондай заман азаматтық қоғамның белсенді қатысуынсыз келуі мүмкін емес", - дейді Ғалымжан Жақиянов. 
Айта кетейік, 2006 жылы 11 ақпанда танымал саясаткер, оппозиция жетекшісі Алтынбек Сәрсенбаев пен оның екі көмекшісі – Василий Журавлев пен Бауыржан Байбосынды ұрлап әкеткен. Екі күннен кейін, 13 ақпанда, олардың атылған денелері Алматы маңындағы таулардан табылды.
 
Еске салайық, бұған дейін Алтынбек Сәрсенбайұлын ұстап әкеткен "Арыстан" жасағының командирі Еділ Әбікенов жағдайдың қалай болғанын айтып берген. Ол 2006 жылы 11 ақпанда саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлын ұстау кезінде ешқандай күш қолданылмағанын айтады. 

Еділ Әбікенов осы оқиғадан кейін 5 әріптесімен бірге сотталған, өзі түрмеде 12 жыл отырып шықты. Сондай-ақ ол Алтынбек Сәрсебайұлының ісіне қатысты айтылмаған дүниелер әлі де көп екенін және жақын уақытта ол ашық жария болмайтынын жеткізді.


Рекомендовать
Последние новости