«Almaty aqshamy» газетінің ұжымы жыл бойы атқарған қажырлы еңбегін айтулы жетістікпен түйіндеді. Басылым «Қазақстандағы Жыл таңдауы» (№1 Choice of the Year in Kazakhstan) ұлттық жобасы аясында «Мемлекеттік тілдегі республикалық қоғамдық-саяси газет» номинациясының жеңімпазы атанды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл марапат жыл ішінде сапасы, ықпалы және ел ішіндегі беделі ең жоғары деп танылған брендтер мен жобаларға табысталады.

Салтанатты рәсім барысында «Alatau aqparat» медиахолдингінің Бас директоры Ержан Қалымбайұлы бұл жеңістің маңызын атап өтті.
«Жобаның ұйымдастырушыларына және бізді бағалаған барша жұртқа алғысымызды білдіреміз. “Almaty aqshamy”-ның “Мың жасаған шаһардың шамшырағы” деп аталуы тегін емес. Бұл басылым отандық журналистикада, қазақ руханиятында өзіндік орны бар газет. Осында қазақтың талай марқасқалары еңбек етіп, қолтаңбасын қалдырды. Бүгінде заман талабына сай үлкен трансформациялар жасап, жаңа бет-бейнемізді қалыптастырып келеміз. Еліміздегі ең беделді байқаудың жүлдесі бізге бұйыруы – алдағы уақытта да ұжымға үлкен шабыт береді», – деді ол.
Айта кетейік, «Almaty aqshamy» газетінің жарық көріп келе жатқанына 37 жыл толды. Басылымды тек алматылықтар ғана емес, республика тұрғындары мен шетелдік оқырмандар да тұрақты түрде оқиды.
