Алматыдан ұшқан рейсте шетелдіктер төбелес шығарды

Көркем Алдабергенова 17 дек. 2025 10:30

Желіде Алматыдан Бангкокқа ұшуы тиіс болған ұшақ бортындағы жолаушылар арасындағы төбелес түсірілген видео тарады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Кадрлардан ер адамдардың бірінің екіншісін ұрып жатқанын, ал айналасындағылардың жанжалды тоқтатуға тырысып жатқанын көруге болады.

Әлеуметтік желілерде жарияланған ақпаратқа сәйкес, оқиға Air Astana әуе компаниясының рейсінде болған.

«Алматыдан Бангкокқа ұшатын Air Astana рейсінің бортында төбелес болды. Ұшар алдында мас күйдегі екі жолаушы жанжалдасып, төбелеске ұласқан. Демалысын олар Алматы қаласының желілік полиция бөлімінде жалғастырды, ал рейс бір сағатқа кешігіп, екі жолаушысыз Таиландқа ұшып кетті», – делінген хабарламада.

Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиға болғанын растады.

«Алматы қаласының әуежайында Алматы – Бангкок бағытындағы рейстен желілік полиция бөлімінің қызметкерлері шетел мемлекеттерінің төрт азаматын түсірді. Олардың екеуі алкогольдік масаң күйде болған. Араларында жанжал туындап, ол төбелеске ұласқан», – деп хабарлады департамент.

Полиция мәліметінше, әуе кемесінің бортында бұзақылық жасау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған.

«Әуе кемесінің бортында бұзақылық әрекеттер жасағаны үшін қылмыстық іс тіркелді. Құқық бұзушылардың екеуі уақытша ұстау изоляторына қамалды. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды», – деп нақтылады баспасөз қызметі.

Көліктегі полиция агрессивті мінез-құлық пен көліктегі жанжалдар аса ауыр құқықбұзушылық болып саналатынын еске салды.

«Көліктегі жағдайды тұрақсыздандыруға бағытталған кез келген әрекет елеулі қауіп ретінде қарастырылады, ал кінәлілер заңның бар қатаңдығымен жауапқа тартылады», – деп атап өтті ведомство.


Рекомендовать
Последние новости