Алматыдағы атыс: полицейлердің неліктен қару қолданбағаны белгілі болды

Dalanews 21 сент. 2021 09:25 789

Алматыдағы атыстан қаза тапқан учаскелік инспектор 39 жастағы Дархан Сүлеевтің артында бес кішкентай баласы қалды. Ол ішкі істер министрлігінде 19 жыл қызмет атқарған. Бұл туралы брифинг барысында Алматы полициясының басшысы Қанат Таймерденов айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz Stan.kz-ке сілтеп.

"Дархан Сүлеев 2003 жылдан бері жұмыс істеп келеді. ІІМ Академиясын бітірген. Қазір оның артында бес баласы қалды. Көз жұмған екінші қызметкер Нұрбол Байғазиевтің де артында екі баласы қалды.

Ол 2014 жылдан бері полицияда жұмыс істейді. Екеуі де Ақбұлақ шағын ауданында қызмет атқарған. Осы аудандағы тұрғындардың ықыласына ие болып жүрген азаматтар. Жұмыстарына ешқандай шағым түспеген", – деп айтты Қанат Таймерденов.



Оның айтуынша, үйді босатуға келіспеген ер адам аңшы мылтығымен оқ жаудырған. Карабин заңды түрде тіркелген. Атқан адамның жүйке-психиатриялық диспансерде тіркелмеген.

Негізінен полицейлерде табельді қару болған. Алайда олар қызмет қаруын пайдаланбаған. Қанат Тимерденов қызметкерлер үйде әйелдер мен балалар болғандықтан, олардың қауіпсіздігін ойлағандықтан қару қолданбаған болуы мүмкін деген болжам айтты.

"Құқық қорғаушылардың табельді қаруды не себепті қолданбағанын тергеу кезінде анықтаймыз. Қаза тапқан полиция қызметкерлерінің отбасыларына заң аясында көмек көрсетіледі", – деді полиция басшысы. 


Сонымен қатар Таймерденов күдіктінің бұған дейін істі болмағанын айтты. Атыс кезінде үйде отбасы мүшелері отырған. Олардың ішінде кәмелеттік жасқа толмаған үш баласы бар. Барлығы үйде 7 адам болған.

Қазіргі таңда оқиға бойынша екі қылмыстық іс 99-баптың 2-бөлігі ("Екі және одан көп адамды өлтіру"), 380-бап ("Билік өкіліне шабуыл жасау") қозғалды.

Естеріңізге сала кетейік, 20 қыркүйек күні Алматының Алатау ауданындағы Ақбұлақ ықшам ауданында бес адамның өлтірілгені туралы белгілі болған.



Ресми деректерге сүйенсек, сот шешімін орындаушылар екі адамның меншік құқығына қатысты дауға байланысты күдіктінің үйіне келген. Сот шешімін естіген азамат үйінен  қару алып шығып, сот орындаушысына, учаскелік полиция инспекторларына және аулада болған басқа адамдарға қарудан оқ жаудырды. Нәтижесінде бес адам көз жұмған. Оның ішінде үйдің жаңа иесі мен тағы бір тұрғын бар.

21 қыркүйекке қараған түні Республикалық жеке сот орындаушылар палатасы жаппай кісі өлтіру болған Алматыдағы үйден бір отбасын шығару жағдайында атқарушылық өндіріс екі жеке тұлғаның дауы болып табылатынын мәлімдеген.

Рекомендовать
Последние новости