Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапары аясында қаланың коммуналдық автобус және троллейбус парктерін аралап, олардың техникалық жағдайы мен қоғамдық көліктің қызмет көрсету сапасын тексерді,- деп хабарлайды Dalanews.kz
Атап айтқанда, қала басшысы Алмалы ауданында орналасқан, жалпы ауданы 4,2 гектар болатын троллейбус паркіне барды. Қазіргі таңда мұнда 212 жаңа троллейбус қызмет көрсетеді. Троллейбус бағыттары бойынша жолаушылар саны күніне шамамен 130 мың адам.
«Алматыэлектротранс» коммуналдық кәсіпорны қазіргі уақытта кабельдік және контактілік желілерді, сондай-ақ трансформаторлық қосалқы станцияларды жаңарту жұмыстарын жалғастыруда. Алайда, парк инфрақұрылымы да жаңартуды қажет етеді. Жөндеу аймағы, қоймалар мен диспетчерлік ғимараттар 1960 жылдары салынған және осы уақытқа дейін күрделі жөндеуден өтпеген.
Осыған байланысты, қала әкімі кәсіпорын басшысы Александр Бейсембиевке Алматыдағы жалғыз троллейбус паркінің жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуді тапсырды.
Сапар барысында Дархан Сатыбалды сондай-ақ, Түрксіб ауданында орналасқан №1 және №2 автобус парктерінің жұмысымен танысты. Бұл парктерде жүргізушілерге арналған жатақханалар, көлік жуу кешендері және басқа да инфрақұрылымдық нысандар орналасқан.
№1 автобус паркінде қазіргі таңда 300 газбен жүретін автобус қызмет көрсетуде. Келесі жылдың соңына дейін бұл паркте жаңа жуу кешенін салу, инженерлік желілерді толық жаңарту, сондай-ақ жеке инвестициялар есебінен жаңа газ құю станциясын (АГНКС) іске қосу жоспарланып отыр.
№2 паркінде 320 автобус тіркелген. Биыл бұл жерде газ құю станциясы мен жүргізушілер жатақханасына жөндеу жұмыстары жүргізілмек.
Жалпы, «Алматыэлектротранс» кәсіпорны 5 автобус паркіне, 1 троллейбус паркіне және мектеп автобустары паркіне иелік етеді. Қазіргі таңда Алматы қаласында 2 435 бірлік қоғамдық көлік бар.
Бүгінде автобустарға жанармай құю инфрақұрылымын дамыту — өзекті мәселе. Қала аумағында 8 газ құю станциясы жұмыс істейді, алайда олардың кейбірі жаңғыртуды қажет етеді. Сонымен қатар, жаңа көлік құралдарының сатып алынуына байланысты қосымша автопарктер салу қажеттілігі туындап отыр.
«Автобус маршруттарын автопарктерге дұрыс бөлу керек. Яғни, көлік өз бағытына алыс жерден бос жүріп бармауға тиіс. Сондай-ақ, біз қаланың батыс және шығыс бөліктерінде, әсіресе Наурызбай ауданында, болашақ полицентрлер аясында автопарктерге арналған жер телімдерін алдын ала қарастыруымыз қажет», – деді қала әкімі Дархан Сатыбалды.
Сапар қорытындысы бойынша, қала басшысы Қалалық жоспарлау басқармасына жаңа автопарктер үшін жер телімдерін анықтауды, ал құзырлы басқармаларға — жобалық-сметалық құжаттаманы жедел түрде әзірлеуді тапсырды.
Сонымен қатар, салалық басқармаларға қолданыстағы газ құю станцияларын жаңарту және жаңаларын салу үшін жеке инвесторларды тарту мәселесін қарастыру тапсырылды.