Алматыда Фурманов көшесінің атауы Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы болып өзгерді

Dalanews 30 нояб. 2017 10:53 903

Алматыда Фурманов көшесінің атауы Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы болып өзгертілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. VI шақырылымдағы Алматы қалалық мәслихатының сессиясында ҚР Үкіметі жанындағы Республикалық ономастика комиссиясы мен қалалық ономастика комиссиясы тұрғындардың көптеген өтінішін ескере отырып, Алматыдағы Фурманов көшесіне Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атын беру туралы шешім қабылдады.

Сессия барысында Алматы әкімі Бауыржан Байбек ономастика комиссиясының назарына атауы қайталанатын 112 көшенің атауын өзгерту туралы ұсыныс берілер кезде ҮЕҰ, қоғамдық ұйымдар, жастар, зиялы қауым өкілдерінен Фурманов көшесінің атауын Назарбаев даңғылы етіп өзгерту туралы өтініш көп түскенін айтты.

«Биыл Астананың 20 жылдығын тойлап жатырмыз. Егер тарихқа үңілсек, Елбасының сол кездегі Астананы көшіру туралы шешімі қаншалықты дана шешім болғанын түсінеміз. Еуразия жүрегіне айналған Астананың дамуынан бөлек, Алматының дамуына да бұл үлкен серпін берді. Бұл тарихи шешімнің маңызы жүргізілген экономикалық реформалармен одан әрі арта түсті. Бүгінде Алматы - аймақтық магнит, Орталық Азияның ірі қалаларының бірі», - деді Бауыржан Байбек.

Оның айтуынша, Елбасының  қолдауының арқасында жүргізілген жүйелі экономикалық реформалардың нәтижесінде қала экономикасы 100 есе, ШОБ субьектілері саны 130 есе артты.

1990 жылдардың басында Алматы ЖІӨ-нің 1/9 бөлігін қамтамасыз ететін. Ал қазір бұл көрсеткіш 1/5-ке жетті.

«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алматыда Конституция, Ұлттық валюта, Қарулы күш жасағын құру, мемлекеттік рәміздерді бекіту, Семей полигонын жабу туралы тарихи шешімдерді қабылдағаны белгілі. Сондықтан, мұндай ұсыныс Алматыда жасалғаны тегін емес», - деді ол.

Айта кету керек, ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың есімі алғаш рет 10 жыл бұрын Иордан корольдігінің Амман қаласында және Шешен Республикасының Грозный қаласындағы көшеге берілген болатын.

Сондай-ақ, Елбасы атындағы көшелер Түркиядағы бірнеше қалада, Татарстандағы Қазан қаласында да бар.

Қалалық мәслихат депутаты, «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің өкілі  Зиятдин Қасановтың пікірінше, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамаларының арқасында Қазақстан халықаралық дәрежедегі танымал елге айналды.

«Елбасы Н.Назарбаевтың абыройының арқасында Қазақстан халықаралық дағдарыстарды шешуде басты рөл атқаратын елге, сенімді серіктеске айналды. Сондай-ақ, ол кісі әлемдік дәрежедегі ядролық қарудан бас тартуға ұсыныс жасаған, әлемді ядролық қарудан арылтуға еңбек еткен бірден-бір тұлға. Мен әріптестерімнің пікіріне қосыламын. Бүгінгі Фурманов көшесінің атауын беру туралы шешім - дер кезінде әрі дұрыс қабылданған шешім», - деді ол.

Өз кезегінде «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай мұндай тарихи шешімді қала жұртшылығы көптен күткенін жеткізді.

«Біз ел үшін, жер үшін жанын қиған ата-бабаларымызды бір сәт естен шығармаймыз. Ал, қазіргі заманда Қазақстан тәуелсіздігі үшін күресіп келе жатқан, мемлекетіміздің негізін қалаушы, Отанымызды шетелдік аренада танытып келе жатқан тұлға - Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Бұл кісінің ерен еңбегін мәңгілік ету туралы ұсыныс менің ғана пікірім емес, қалың оқырманның ойы», - деді Қали Сәрсенбай.

Мәслихат депутаты, «Ильдаш» татар гуманитарлық даму орталығының төрайымы Нурия Ниязова ел жетістігінің негізінде ұлттар мен этностар арасындағы достық пен бірлік жатқанын айтты.

«Осынау өмірлік жетістіктерге біздің  Мемлекет басшысының салиқалы  ішкі және сыртқы саясаты арқасында қол жеткіздік. Бейбітшілік, келісім, бірлік арқасында еліміз  дамыды,  халықтың тұрмысы жақсарды. Бұл туралы Президент үнемі айтып келеді.  Біздің қаламыз  этносаралық келісім бойынша Елбасы моделінің  жарқын үлгісі. Татумыз, бірге тұрып, бірге жұмыс істейміз. Соның арқасында қаламыз тартымды болып, түрлі ұлт өкілдері мен әртүрлі діни сенімдегі жандар қаламызға келуде,  білім алуда, еңбек  етуде. Олар өздерін барынша жайлы сезініп, болашақтарына  батыл қадам жасауда. Сондықтан көше  атауын өзгертуді дұрыс шешім деп есептеймін», - деді Н.Ниязова.

Осылайша, Алматы қаласы мәслихаты депутаттарының бірауыздан қабылданған шешімімен Фурманов көшесі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев атындағы даңғыл деп аталды.

Еске салсақ,   Алматыда бұрын қайталанатын 100 көше атауы өзгерген болатын. Қалаға қосылған елді мекендерді есептегенде мегаполисте 12 Абай, 3 Әуезов, 13 Жамбыл Жабаев, 6 Құрманғазы, 5 Төле би, 3 Қазыбек би, 3 Әйтеке би, 8 Райымбек батыр көшесі, 4 Наурызбай  батыр, 8 Қарасай батыр, 4 Байтұрсынов, 5 Сейфуллин, 6 Молдағұлова атындағы көше, 6 Мәншүк Мәметова атындағы көше бар болатын.

Алматыда  42 көше еліміздің дамуына үлес қосқан қайраткерлер есімін иеленсе,  қалғандары географиялық атауға, қазақстанның тарихы мен мәдениетіне, дәстүріне орай аталған екен.

Мысалы, Ш.Айтматов, Г.Бельгер, Т.Бигелдинов, Е.Серкебаев, Қ.Кенжетаев, С.Калмыков, Қ.Мырзалиев, Алматы апортының «атасы» атанған  Е.Редько  және басқалардың есімдерін алған көшелер пайда болады.

Мамандардың айтуынша, көше атауының өзгеруі қалалықтарға  еш жайсыздық туғызбайды. Мемлекеттік органдар базада көше  атауы өзгерткен соң барлық анықтамаларды  ЭЦҚ-ны пайдаланып, электронды үкімет  порталы арқылы немесе ХҚКО-дан бірнеше  минут ішінде  алуға болады.

Рекомендовать
Последние новости