Алматыда хостелде 13 адамның өмірін жалмаған өрт ісі бойынша сот үкімі өзгеріссіз қалды. Апелляциялық инстанция соты айыпталушыларға тағайындалған жаза мерзімін сол күйі қалдыру туралы шешім шығарды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
КазТаг агенттігінің мәліметінше, сот алқасының шешімімен хостел директоры Әділбек Мұхамедияров 5 жылға бас бостандығынан айырылып, өрт қауіпсіздігі жүйесін орнатқан компания жетекшісі Александр Пекельник 4 жылға сотталды.
Дегенмен сот Пекельникке қатысты кейбір шешімдерді өзгертті. Атап айтқанда, екі жәбірленушіге моральдық өтемақы ретінде төлеуге міндеттелген 7 миллион теңге мөлшеріндегі соманы жойып, азаматтық талаптарды қараусыз қалдырды. Қалған бөлігі бойынша үкім өзгеріссіз қалдырылды.
Апелляциялық шағымдар жәбірленушілер тарапынан да, сотталушылар мен олардың қорғаушыларынан да түскен. Бірақ сот олардың басым бөлігін қанағаттандырмады.
Александр Пекельниктің қорғаушылары оны толық ақтауды сұраған болатын. Олардың айтуынша, айыпталушы хостел ашылғанға дейін, ғимарат әлі бос тұрған кезде ғана өрт дабылы жүйесін орнатқан. Сондықтан ол қауіпсіздік ережелерін бұзу мен адамдардың қазасына қатысы жоқ деп есептейді.
Өз кезегінде Пекельник те сотта өз кінәсін мойындамаған.
"Мен ғимаратта хостел ашылғанын тек өрттен кейін білдім", - деген ол.
Екінші сотталушы Әділбек Мұхамедияровтың қорғаушылары айыптауды жеңілдетіп, келтірілген залалды азайтуды сұраған. Ал кейбір жәбірленушілер, керісінше, сот залында директордың жазасын қатаңдатуды және моральдық өтемақыны көбейтуді талап етті.
Бірқатар жәбірленуші Пекельникке шағымы жоқ екенін мәлімдеді.
Еске сала кетсек, алапат өрт 2023 жылдың 30 қарашасында Алматыдағы Almaty Hostel жатақханасында болған. Тілсіз жау салдарынан 13 адам, оның ішінде бір жасөспірім көз жұмды. Қаза тапқандардың арасында Қазақстан, Ресей және Өзбекстан азаматтары бар. Тағы 67 тұрғын дер кезінде эвакуацияланып үлгерген.
