Алматыда «Жасыл ел» жасақтарының еңбек маусымының жабылу салтанаты өтті. Биылғы маусымның қорытындысы бойынша 2100 жас уақытша жұмыспен қамтылып, қала аумағында әртүрлі экологиялық шараларға қатысты. Жоба Алматы қаласы жастар саясаты басқармасының қолдауымен жүзеге асты, – деп хабарлайды Dalanews.kz Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы өтуде. Осы акция аясында «Жасыл ел 2024» еңбек жасақтары өз жұмысын абыроймен атқарды деп айта аламыз. Жоба аясында Алматы қаласының ЖОО мен колледждерінің 2100 студентін уақытша жұмыспен қамтыдық. Келесі жылы бұдан да көп жастарды жұмыспен қамтимыз деген ойдамыз. Айта кетейін, Алматы жастары жыл бойы қаламызды көркейтуге бағытталған түрлі эко шараларға қатысады және жыл сайын олардың саны өсіп келеді, – деді өз сөзінде Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Кажденбек.
«Жасыл ел» жасақтары 3 ай бойы Алматының барлық аудандарында тазалық жұмыстарын жүргізді. Олар көшелер мен саябақтарды тазалап, ағаштар отырғызып, табиғатты қорғау шараларына белсене араласты.
Соңғы жылдары Алматы қаласында жастарды табиғатты қорғауға және экологияны жақсартуға тарту мақсатында «Жасыл ел» бағдарламасы белсенді жұмыс істеп келеді. Бұл бағдарлама жыл сайын мыңдаған жасты біріктіріп, қаланың жасыл аймақтарын көбейтуге және тазалықты сақтауға мүмкіндік туғызып отыр.
2024 жылы Алматы қаласында «Жасыл ел» жасақтары бірнеше маңызды жобаларды іске асырды. Олардың басты мақсаты – қаланың жасыл белдеуін кеңейту және табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыру. Осы жылы жасақ мүшелері 50 мыңға жуық ағаш отырғызып, саябақтар мен демалыс орындарын тазалауға атсалысты. Медеу және Шымбұлақ сияқты танымал туристік аймақтарда тазалық жұмыстарын жүргізіп, өзендер мен су көздерінің маңын қоқыстан тазартты.
Бүгінде аталған бағдарлама жазғы маусымда жастарды уақытша жұмыспен қамтамасыз етудің тиімді жолына айналды. Айталық биыл Алматыда «Жасыл ел» құрамында 1500-ден астам жас жұмыс істеп, табыс тапқан. Олар тек еңбекақы алып қана қоймай, табиғатты қорғау саласында тәжірибе жинақтап, қоғамға пайдалы іс атқарды.
«Жасыл ел» бағдарламасы жастардың экологиялық сана-сезімін дамытуға ерекше назар аударады. Бағдарлама аясында қала тұрғындарына экологиялық білім беру семинарлары мен тренингтер өткізілді. Сондай-ақ, Алматы тұрғындарын табиғатты қорғауға шақыратын арнайы акциялар ұйымдастырылды.
Алматыдағы «Жасыл ел» жасақтары қаланың экологиясын жақсартуға барынша күш салды. Бұл бағдарлама жастардың қоғамға пайдасын тигізіп қана қоймай, оларға табиғатты қорғаудың қаншалықты маңызды екенін түсінуге мүмкіндік береді. Осындай жобалардың арқасында Алматының жасыл аймақтары көбейіп, қала тұрғындарына таза әрі жайлы орта қалыптасады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар тек қала табиғатын жақсартуға ғана емес, сонымен қатар жас буынның экологиялық жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік береді.
Шара барысында маусымда үздік деп танылған 20 студентке Smart теледидарлар мен электр самокаттар сыйға тартылды.
Салтанатты жиын эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерттік бағдарламамен жалғасты.