Алматы облысында мереке қарсаңында ескерткіш ашылып, ардагер энергетиктер марапатталды

Dalanews 23 окт. 2022 05:20 841

Қапшағай ГЭС-нің бой көтеруіне ықпал еткен Дінмұхамед Қонаевтың 110 жылдығына, Асанбай Асқаровтың 100 жылдығына, Шапық Шөкиннің 110 жылдығына орай арнайы мемориалдық ескерткіш ашылды, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шараға Алматы облысы әкімі Марат Сұлтанғазиев, «АлЭС», «Самұрық-Энерго» компанияларының өкілдері, ардагер энергетиктер, Дінмұхамед Қонаевтың немересі Эльдар Қонаев қатысты.

Ескерткіштің қызыл лентасын өңір басшысы және «Самұрық-Энерго» АҚ-ның басқарма төрағасы Түтебаев Серік, ардагер энергетик Есберген Әбілтайұлы қиды.

– Құрметті жерлестер, сіздерді Ұлттық мерекеміз – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! 2022 жыл Дінмұхамед Ахметұлының 110 жылдығымен қатар Қапшағай су электр станциясының жобасының авторы, Қазақстанда энергетика ғылымының негізін қалаушы Шапық Шөкиннің 110 жылдығы және көрнекті мемлекет қайраткері Асанбай Асқаровтың 100 жылдығымен ерекшеленіп отыр. Өңіріміздің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан біртуар азаматтардың еңбектеріне лайықты баға беріліп, мемориалды ескерткіш ашылды. Ата-бабамыз аңсаған егемендігіміз еңселі, болашағымыз баянды болсын! – деді алғашқы сөзді алған Марат Сұлтанғазиев.


Салтанатты жиын барысында аймақ басшысы Алматы облысының Құрмет грамотасымен бірқатар мамандарды марапаттады. Олардың қатарында «Алматы электр станциялары» (АлЭС) АҚ-ның басқарма төрағасы Ерлан Қырқынбаев, «АлЭС» АҚ-на қарасты Шапық Шөкин атындағы Қапшағай ГЭС директоры Мұрат Кәрімов және Қапшағай ГЭС-нің электромонтері Марат Қарашашов болды.

Сондай-ақ, облыс әкімі ардагер энергетиктерге арнайы сый-сияпат табыстады.

Мемлекет және қоғам қайраткері, Дінмұхамед Қонаевтың немересі Эльдар Қонаев болса Ерлан Қырқынбаевқа «Қонаевтың 110 жылдығы» мерекелік медалін табыс етті.

– Бұл жердің тарихы тереңде жатыр. Айта кетсек, Шапық Шөкин Іле арнасын бөгеп, ағысы қатты өзен бойында ГЭС салу керектігін айтып, үлкен жобаны қорғап шықты. Содан кейін бұл идея сол кездегі Қазақстанның басшысы Дінмұхамед Қонаевқа ұнап, ГЭС құрылысы басталып кетті. Ал алғашқы тасы 1969 жылы қаланғаны – бәрімізге белгілі. Іле өзені бойында электро станция салынып қана қоймай, қазірде облыс орталығына айналған қала бой көтерді. Сол себепті де бүгін біз үшін бір емес бірнеше мерекенің басы осы жерде тоғысты десек болады, – деді ардагер энергетик.

Ауқымды іс-шараның соңы концерттік бағдарламаға ұласты. Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев болса «АлЭС» компаниясының жұмысымен танысты.

Рекомендовать
Последние новости