Алматы облысында 6 жасар баланы қағып, оқиға орнынан қашып кеткен экс-полицей ұсталды

Көркем Алдабергенова 09 июл. 2025 09:45

Алматы облысындағы Көкөзек ауылында 6 жасар баланы көлікпен қағып, оқиға орнынан бой тасалаған азаматтың бұрын полицияда қызмет еткен адам екені анықталды, деп хабарлайды Dalanews.kz 31 арнаның Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.

Бейнебақылау камерасындағы жазбадан велосипед мінген баланың артқа шегініп келе жатқан көліктің астына түсіп қалғаны көрінеді. Жүргізуші көліктен түспестен бірнеше минут көлігінде отырып, кейін еш әрекетсіз кетіп қалған. Ал жарақат алған бала орнынан тұрып, қатты жылаған күйі көп ұзамай есінен танып құлап түседі. Жергілікті тұрғындар оған алғашқы көмек көрсеткен.

Күдіктінің учаскелік инспектор қызметін атқарғаны белгілі болды. Оның көлікті мас күйде басқарған-басқармағаны тексеріліп жатыр. Жол апатынан зардап шеккен бала қазіргі уақытта ауруханада ем қабылдап жатыр.

“Жедел іздестіру шаралары нәтижесінде Lexus RX 300 автокөлігін басқарған 42 жастағы азамат ұсталды. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған адам полиция қызметкері емес – ол жол апатына дейін теріс себептермен ішкі істер органынан жұмыстан босатылған. Қазір осы оқиғаға байланысты кешенді тергеу амалдары жүргізілуде”, – деді Алматы облысы полиция департаментінің ресми өкілі Меруерт Морякова.


Рекомендовать
Последние новости