Алматы әкімдігі балалар жазғы демалысында білім мен дағды жинауына айрықша көңіл бөлуде

Жарбол Кентұлы 19 июн. 2025 11:47

Алматыда жаз басталса, балалардың күлкісі тауға қарай көтеріледі. Көпқабатты үйлердің арасынан шыққан мектеп формасын шешкен балалар жаздың алғашқы күндерінде қала сыртындағы лагерьлерге бет алды. Солардың бірі – «Өрнек» лагері. Алматы оқушыларының алғашқы легі дәл осы жерде демалыстың дәмін татып жатыр.

Бұл маусым биыл ерекше назарда. Әкімдік жазғы демалыс тек бос уақыт өткізу ғана емес, әлеуметтік қолдау, психологиялық сауығу, білім мен дағды жинайтын кезең болуы керек деп есептейді.

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова мәлімдегендей, қалада мектеп жасындағы 350 мыңға жуық бала бар. Олардың әрқайсысының жазды мазмұнды, қауіпсіз әрі пайдалы өткізуі – биліктің тікелей жауапкершілігінде. Лагерьге барлық баланы орналастыру мүмкін болмаса да, қала әкімдігі 95% бала түрлі форматтағы жазғы бағдарламалармен қамтылады деп отыр.

Биыл үш мыңға жуық оқушы қала сыртындағы лагерьлерге барады. Оның 900-і – «Өрнекке» орналасты. Бұл – жалғыз қалалық лагерь, әрі Оқушылар сарайының қарамағында. «Өрнекке» баратын балалар қатарында әлеуметтік осал отбасылардан шыққандар, ерекше білім беру қажеттілігі барлар және мүгедектігі бар оқушылар да бар. Яғни, жазғы демалыс – қоғамның барлық мүшесіне бірдей қолжетімді болуға тиіс деген ұстаным байқалады.

Қазір Алматы мен Алматы облысының аумағында 20-дан астам қала сыртындағы лагерь жұмыс істеп тұр. Балалар кезекпен барып, тынығады. Алайда әкім орынбасары айтқандай, инфрақұрылым бәріне бірдей жете бермейді. Балалардың бүгінгі сұранысы – жай ғана тынығу емес, мазмұнды, заманауи әрі ыңғайлы форматтағы демалыс. Осыған орай, қала билігі балалардың жазғы инфрақұрылымын дамытуды басымдық ретінде белгілеген.

Қала сыртындағы лагерьлерден бөлек, 55 мың оқушы мектеп жанындағы лагерьлерге қатысып жатыр. Олар да толыққанды ыстық тамақпен, қызықты бағдарламалармен қамтылған. Бұл жерде жай ғана ойын емес, кәсіби бағдар да бар. 17 колледж оқу орны балалармен жұмыс жүргізіп, шеберлік сағаттарын өткізіп жатыр. Балалар тігіншілік пен аспаздықтан бастап, техникалық мамандықтарға дейін көзбен көріп, қолмен ұстап танысуда.

«Өрнектің» ауласы бала күлкісіне толы. Ал әкімдік жаз айларында тек ата-аналардың ғана емес, қоғамның да назарын осы балалардың қалай демалып жатқанына аударып отыр. Себебі сапалы демалыс – денсаулық кепілі ғана емес, тең мүмкіндіктің де көрсеткіші. Баланың бір маусымда жинаған қуанышы мен әсері оның жаңа оқу жылындағы жігеріне айналады. Ал бұған жауапты орта – мемлекет пен жергілікті билік. Алматы жазғы тынығуды жай ғана шара емес, баланың өміріндегі маңызды кезең ретінде қабылдап отыр.


Рекомендовать
Последние новости