Әкім мен халық Қонаев қаласының бірқатар аудандарына газ құбырын тарту мәселесін талқылады

Жарбол Кентұлы 14 июн. 2024 12:35 4047

Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов аталған шағын аудан тұрғындарымен көшпелі жиын өткізді. Жиналыста газдандыру мәселесі талқыланды, – деп хабарлайды Dalanews.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тұрғындардың сөзінше, осыдан бірнеше жыл бұрын ауданға көгілдір отын құбыры тартылуы керек болған. Алайда, құрылыс-жұмыстары әлі басталмаған. Шаһар басшысы түйткілдің туындау негізіне тоқталды.

– Қонаев қаласы облыс орталығы мәртебесіне ие болған соң, арнайы жоба жасалып, Кешенді даму жоспары бекітілді. Соған сәйкес, инфрақұрылымды дамыту мақсатында 189 іс-шара қолға алынады деп жоспарлануда. Оның ішінде, көгілдір отынмен қамту мәселесі де бар, – деді Асхат Бердіханов.

Әкімнің мәліметінше, жалпы шаһардағы нысандардың көгілдір отынға қосылу үлесі 34 пайызды құрайды. Биыл Арна, Рауан, 12А, 12В шағын аудандарына газ құбырын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаты әзірленіп жатыр. Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алғаннан кейін, құрылыс-монтаж жұмыстарына бюджеттік өтінім беріліп,  тиісті жұмыстар атқарылмақ.

– Аталған жобада 3 автоматтандырылған газ тарату станциясын салу да қарастырылған. Станция жаңадан бой көтеретін нысандар мен тұрғын үйлерге қысым жеткілікті болуына мүмкіндік береді, – деді шаһар басшысы.

Сонымен қатар халық көше жарығы, жол, ит аулау мәселесі туралы айтты. Әкім барлық проблемалардың назарға алынатынын жеткізді.

Айта кетейік, 25 маусым күні сағат 11.00-де қала әкімі Восточный, Гүлдер, №8, 10, 12, 12А-Б, Әсем-тас, Арна, Қарлығаш шағын аудандарының тұрғындарымен Мәдениет үйінде кездесу өткізеді.


Рекомендовать
Последние новости