Ажар Жұбанова: «Көмір қалдығы арқылы топырақты құнарландырамыз»

Dalanews 13 мар. 2018 10:59 1573

Бүгінде өндірістің барлық саласында қалдықсыз немесе аз қалдықты технологияны жүзеге асыру маңызды мәселе болып отыр. Еліміздегі отын-энергетика кешенінде көмірдің алатын орны ерекше, өйткені сапалы көмірге деген сұраныс ешқашан азайған емес. Әлем ғалымдары көмір қалдықтарын қандай кәдеге жаратуға болады деп әртүрлі әдістерді ұсынып жүр. Осы ретте әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, б.ғ.д., Қазақстан ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі Жұбанова Ажар Ахметқызының жетекшілігімен қоңыр көмірден «Биогумус-плюс» препаратын алудың биотехнологиясы құрастырылды деген жаңалықты естіп аз-кем сұқбаттасуды жөн санадық.

– Ажар Ахметқызы, микробиология саласында ашқан жаңалықтарыңыздан хабарымыз мол. Ал қоңыр көмір қалдықтарын пайдалану арқылы топырақ құнарлылығын арттыру турасындағы жобаңызды жасауға не себеп болды?

– Бүгінде топырақтың құнарлылығын қалпына келтіру, сол арқылы өсімдіктердің өнімділігін арттыру технологиясы – әлемдік сұраныстың агротехнология саласындағы жаңа парадигмаға көшуіне байланысты болып отыр. Соңғы 50 жылда топырақты аяусыз қолдану нәтижесінде оның сапасы мен көлемі апаттық жоғалудың алдында тұр, сондықтан топырақ құнарлылығын қалпына келтіру технологияларына сұраныс өте жоғары. Әлемде жыл сайын 12 млн га жер шөлге айналады және 25 млрд тонна топырақтың құнарлығы жоғалnады. Осыған байланысты әлемнің көптеген елдері гумус және экоқарашірік өндірудің жаңа технологияларын жасауды қолға алып жатыр. Біз өз кезегімізде гуминді қышқылға бай шикізат қоңыр көмірді гумус өндірісі үшін пайдалануды қолға алдық.

– Түсінгенім, сіздің жобаңыз бойынша көмірдің қалдығынан гумус өндірудің технологиясы жасалады ғой?

– Қазақстанда көмір қоры таусылмайтындай елестетеміз. Қарағанды, Нарынқол, Леңгір, Екібастұздан өндірілетін көмірлер бір күні таусылады-ау деп әсте ойланбаймыз. Көмір бүгін бәрімізге жеткенімен, ертең оның да қоры азаяды. Бұл – бірінші мәселе. Екіншіден, жанған көмірлердің тау болып үйіліп жатуы, оның тиімді пайдаға аспауы болып отыр. Әлбетте, көмірдің қалдығы топырақты ластайды, оны тазалау оңай жұмыс емес. Көмір қалдықтары жаңбыр мен қардың әсерінен аспаннан түскен ауыр металдармен әрекеттесіп топырақтың терең қабаттарына сіңеді, ал жел соқса басқа жаққа ұшады. Тіпті, найзағай түссе көмір қалдықтары жанып, соңы алапат өртке алып келеді. Ең өзектісі сол – қалдықтар тұрған жерінің топырақ құнарлылығын кемітеді. Бүгінде әлем ғалымдары көмірден қалатын қалдықтардың тым көптігіне алаңдаушылық білдіріп жүр. Өзіміз де көмірдің қалдықтарын пайдаға асыру туралы осыған дейін аса көп ойланбадық, көмір бар, жылу береді, ол таусылмайды және оның қалдығы пайдаға аспайды деп келдік. Бірақ технология күн сайын дамып жатыр, қалдықсыз өнімдер шығару алдыңғы орынға шығып отыр.



– Жоба бойынша жұмыстарыңызды еліміздің қай аймақтарында жалғастыруды жоспарлап отырсыздар?

– Топырақтың құнарлығын қайта қалпына келтіру және картоптың сапасы мен өнімділігін жоғарылату әдістерін өңдеуге бағытталған зерттеулер әлемдегі көптеген елдер үшін өзекті мәселе болып отырғанын жоғарыда атап өттік. Біздің басты мақсатымыз – тотыққан қоңыр көмір мен зоомикробтық қауымдастық негізінде белсенділігі жоғары «Биогумус-плюс» препаратын алу биотехнологиясын құрастыру. Осы ретте зерттеуді Қарағанды көмір бассейні, Ой-Қарағай және Леңгір көмір кен орындарының шахта маңы аймақтарын зерттеуден бастаймыз. Жоба барысында алынған материалдардың (топырақ және көмір) микробтық пейзажын, физика-химиялық көрсеткіштерін, антимикробтық қасиеттерін зерттейміз. Осылайша тотыққан қоңыр көмір мен зоомикробтық қауымдастық негізінде миксконсорциум болып табылатын эксперименталды гумус жасауды бастаймыз. Зерттеу нәтижесінде кешенді препарат Алматы облысы Қазақ картоп және көкөніс ғылыми зерттеу институтының ауылшаруашылық жерлерінде апробациядан өткізіледі, препараттың топырақ құнарлылығы мен картоптың өнімділігіне, сапасына әсеріне агроэкологиялық баға беріледі.

– Әр өлкенің климаты әрқалай, осыған орай топырақты құнарландыру тәсілдерін де өзгертіп отырасыздар ма?

– Әдетте топырақ құнарын байытамыз деп гумусты пайдаланамыз. Бірақ жылда егін ексеңіз, гумус та кедейленеді. Гумусты топыраққа салып оның құнарлылығын арттыру үшін оған тағы не жетіспейтінін білуге болады. Мысалы тыңайтқыш керек болса, топыраққа тек тұз ғана салмайсың. Суперфосфат та керек, бірақ ол таза күйінде топырақты құртады, оны басқа заттармен әрекеттестіру қажет. Және оның сапасын арттырып, бірнеше жылға жететіндей етіп жасау керек. Тек гумусты ғана емес, микробтарды қосып та композиция жасаймыз. Өзіміз жасаған препараттар тек біздің жеріміздің жағдайына жарайды. Тіпті Алматыда жасаған микробтар Ақтөбенің жеріне сай келмей жатады. Бұл ретте шетелдік препараттарды қолдануға да болар еді. Бірақ олардың микробтары топырақтың қасиетін 1-2 жыл ғана ұстап тұруы мүмкін, сонымен қатар топырақта жәндіктер, құрттар да тіршілік етіп жатыр. Олар өз тіршілігімен топырақты табиғи жолмен құнарландырады. Олардың тіршілігіне біздің зиянымыз тимеуі керек. Сондықтан әр жердің жағдайын сол өлкенің бағбаны мен зерттеушілері жақсы біледі. Топыраққа нақты не керек екенін біліп барып, тексеріп, ақылмен шешім қабылдау қажет. Өйткені жер дегеніміз – болашақ. Бізге аманаттап тапсырылған ортақ мекенімізді болашақ ұрпаққа сақтап жеткізу – парызымыз.

Арайлым БИМЕНДИЕВА, «ҰМҒТСО» АҚ Қоғаммен байланыс бөлімі бас маманы

Рекомендовать
Последние новости