Адвокат сот жүйесіндегі былықтардың бетін ашты

Сағыныш Сардарова 11 мар. 2024 11:28 3062

Адвокат Макиш Есқараев Adal Adam арнасына берген сұхбатында сот жүйесіндегі заңсыздықтар туралы айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Адвокаттың сөзінше, әділетсіздіктен ашынған адамдар тіпті суицидке де барып жатыр.

"Ақмолада (бір адам - еск.) прокуратураның алдында өзінің заңсыз сотталып жатқанын көріп тұрып, атып өлтіреді (өзін - еск.). Ол - қоғамға, жүйеге протесті. Олай белден баса берсек, бір күн болмаса бір күн халық ашынады ғой", - деді ол.

Сонымен қатар, сарапшы Ғалы Бақтыбайұлының ісіне қатысты пікір білдірді.

"Ақмола облысында сотта үш жігітті Ғалы Бақтыбаевтың өліміне қатысы бар деп соттады. Кейінірек журналистер көрсеткендей, алқабилердің оннан жетісі ол жігіттерді кінәсіз деп таныған. "Солай дауыс бердік" дейді. Алайда судья өзінің көзқарасымен соттап жібереді. Бұл енді әділетсіздік. Ол істің терең тарихы бар. Ол істе көптеген заңбұзушылық бар.

...Ғалы Бақтыбайұлының ісі бойынша үш отбасының 40-тан асқан жігіттері 16 жылға сотталып жатыр. Атты деген адамның өзі Ғалы Бақтыбаев атылған кезде басқа жерде болған. Уақыттарын өзгертіп, бұрмалап, манипуляция жасалған.

Неліктен ашынбайды? Шындықты айтып жатсаң, ол - заңбұзушылық. ...Жай ғана сен кінәлісің, бұларда билік бар, күш бар, сенде жоқ сияқты нәрсе", - дейді сарапшы.

Еске салайық, бұған дейін Ақмола облысында 2019 жылы белсенді Ғалы Бақтыбаевты Атасудағы өз үйінде өлтіріп кеткен адам сотталды. Қылмыстық іс сотта бірнеше рет қаралған болатын. Соңғы рет ол кісі өлтіруді ұйымдастырушылар мен орындаушыларға кезекті үкім шығарған Ақмола облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотына қарауға жіберілген. Қылмыстық іс алқабилердің қатысуымен қаралды.

"Сот үкімімен төрт айыпталушы Б., А., М. және Ж. қастандық бойынша адамдар тобының денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келтіргені үшін; атыс қаруын қолданумен жасалған бұзақылық; заңсыз сатып алу, сақтау, қару алып жүру және қастандық бойынша адамдар тобының басқа адамдардың өміріне қауіпті тәсілмен өзімшілдік ниетпен өлтіруі үшін сотталды (қастандық бойынша)", - деді соттағылар.

Айта кетейік, қанды қылмыс 2019 жылғы 28 мамырда болған. Белсенді Ғалы Бақтыбаев үйінен атылған күйі өлі табылды. Тергеу болжамы бойынша қылмысқа тапсырыс беруші - жергілікті кәсіпкер Азамат Букенаев және полицей Ғалым Ахмеджанов болған. Тергеу мәліметінше, Букенаев пен Ахмеджанов 1 миллион теңгеге киллер жалдап, қару берген. Киллер 2019 жылы 28 мамырда тапсырысты орындап, қашып кеткен. 


Рекомендовать
Последние новости